Алынды: 22.05.2026
Қабылданды: 10.06.2026
Онлайн жарияланды: 17.06.2026
ӘОЖ: 615.322:615.014.2:66.061.34
DOI: 10.53511/pharmkaz.2026.3.15
QUALITY BY DESIGN ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ШЕҢБЕРІНДЕ SESELI SESSILIFLORUM
SCHRENK ӨСІМДІК ШИКІЗАТЫНЫҢ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ-ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ
ПАРАМЕТРЛЕРІН ЗЕРТТЕУ
Ибраева М.Б. ¹, Ридванов Ч.И. ², Сакипова З.Б. ¹, Сермухамедова О.В. ¹,³, Отарова Ф.А. ¹,
Ибадуллаева Ғ.С. ¹, Бекежанова Т.С. ¹
¹ С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті,
Қазақстан Республикасы, Алматы қ.,
² «Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС, Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Іле ауданы, Мұхамеджан Түймебаев ауылы
³ «ФитОлеум» ЖШС, Қазақстан Республикасы, Есік қ.
Кіріспе. Осы зерттеудің мақсаты стандартизацияланған Seseli sessiliflorum Schrenk дәрілік өсімдік шикізатының фармацевтикалық-технологиялық параметрлерін зерттеу және олардың массаалмасу процестеріне, сондай-ақ Quality by Design тұжырымдамасы шеңберінде экстрактивті заттарды бөліп алу үдерісінің тиімділігіне әсерін бағалау болып табылды.
Материалдар мен әдістер. Зерттеу нысаны ретінде Seseli sessiliflorum Schrenk өсімдігінің жерүсті бөлігінен алынған дәрілік өсімдік шикізаты пайдаланылды. Шикізаттың фармакопеялық талаптарға сәйкестігін растау мақсатында сапа көрсеткіштері Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фармакопеясына сәйкес бағаланды. Шикізаттың фармацевтикалық-технологиялық қасиеттері меншікті, көлемдік және үйінді масса, сондай-ақ кеуектілік, қуыстылық және қабаттың бос көлемі көрсеткіштері бойынша бағаланды. Бөліп алу үдерісінің тиімділігі экстрагентті сіңіру коэффициенті мен экстрактивті заттардың мөлшері бойынша анықталды.
Шикізаттың ұсақталу дәрежесі мен сулы-спиртті ерітінді концентрациясының әсері орталық-композициялық эксперимент жоспарын қолдана отырып, response surface methodology әдісімен зерттелді.
Нәтижелер. Ұсақталу дәрежесінің өзгеруі дәрілік өсімдік шикізаты қабатының құрылымдық сипаттамаларының өзгеруімен қатар жүретіні анықталды. Бөлшек өлшемінің кішіреюі бөлшектер арасындағы кеңістіктің тарылуына, кеуектілік, қуыстылық және қабаттың бос көлемі көрсеткіштерінің өзгеруіне алып келеді, бұл экстрагенттің қабат арқылы өтуіне және экстракция кезіндегі массаалмасу жағдайларына әсер етеді. Шикізаттың ұсақталу дәрежесі
мен сулы-спиртті ерітінді концентрациясының экстрагентті сіңіру коэффициенті мен экстрактивті заттардың мөлшеріне әсерін сипаттайтын екінші ретті регрессиялық модельдер алынды. Зерттелген тәуелділіктердің сызықтық емес сипаты және үдерістің рационалды параметрлері аймағының қалыптасуы анықталды. Экстрактивті заттардың ең жоғары шығымы концентрациясы 70% болатын сулы-спиртті ерітіндіні және шикізаттың 3–5 мм ұсақталу дәрежесін қолданған кезде байқалды.
Талқылау. Дәрілік өсімдік шикізатының ұсақталу дәрежесі мен экстрагент концентрациясының әсері шикізат қабатының көлемдік және үйінді массасы, кеуектілігі, қуыстылығы және бос көлемі сияқты құрылымдық сипаттамаларының өзгеруімен байланысты, ал бұл көрсеткіштер массаалмасу жағдайлары мен экстрактивті заттарды бөліп алу үдерісін айқындайды.
Қорытынды. Алынған нәтижелер шикізаттың ұсақталу дәрежесі мен экстрагент концентрациясын экстракция үдерісінің критикалық параметрлері ретінде қарастыруға мүмкіндік береді және оларды Quality by Design тұжырымдамасы шеңберінде Seseli sessiliflorum Schrenk шикізатын өңдеу технологиясын әзірлеуде қолданудың
ғылыми негізділігін айқындайды.
Түйінді сөздер: Seseli sessiliflorum Schrenk; дәрілік өсімдік шикізаты; ұсақталу дәрежесі; фармацевтикалықтехнологиялық параметрлер; экстракция; response surface methodology; Quality by Design.
количество просмотров / 👁 445












