Алынды: 05 мамыр 2026 ж.
Қабылданды: 05 қазан 2026 ж.
Онлайн жарияланды: 30 қазан 2026 ж.
ӘОЖ: 615.1:616.12-008.331.1:338.5
DOI: 10.53511/pharmkaz.2026.5.6
Мақала түрі: Шолу мақаласы
АРТЕРИЯЛЫҚ ГИПЕРТЕНЗИЯ МЕН ГИПЕРТОНИЯЛЫҚ КРИЗДІ ЕМДЕУДІҢ ФАРМАКОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ: ЗАМАНАУИ ҮРДІСТЕР МЕН ФАРМАКОЭКОНОМИКАЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРДІ ТАЛДАУ
Датхаев У.М.1, Тоқтархан Е.Б.1*, Раганина К.Т.1, Досмаханбет С.М.2
1С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті,
Алматы қ., Казақстан Республикасы
2Алматы қаласы бойынша Сот сараптамалары институты, Алматы қ., Қазақстан Республикасы
*Хат-хабарға жауапты автор: Тоқтархан Ерасыл Бауыржанұлы, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, e-mail: yerassyltoktarkhan@mail.ru
Кіріспе. Артериялық гипертензия (АГ) жүрек-қантамыр ауруларынан болатын сырқаттанушылық пен өлім-жітімнің жетекші себептерінің бірі бола отырып, денсаулық сақтау жүйесіне елеулі клиникалық әрі фармакоэкономикалық жүктеме түсіреді. Антигипертензивтік дәрілік заттардың кең ауқымына қарамастан, артериялық қысымды бақылау деңгейі жеткіліксіз күйінде қалып отыр, ал гипертониялық криз (ГК) пациенттердің өміріне елеулі қауіп төндіруді жалғастыруда.
Зерттеудің мақсаты. Заманауи клиникалық ұсынымдар мен фармацевтикалық нарық құрылымын ескере отырып, артериялық гипертензия мен гипертониялық криз терапиясының фармакологиялық, фармацевтикалық және фармакоэкономикалық аспектілеріне жүйелі талдау жүргізу.
Зерттеу әдістері. Америкалық кардиология колледжі мен Америкалық жүрек қауымдастығының (ACC/AHA), сондай-ақ Еуропалық кардиология қоғамы мен Еуропалық гипертензия қоғамының (ESC/ESH) ұсынымдары және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) клиникалық ұсынымдарына, сондай-ақ рецензияланатын ғылыми журналдарда жарияланған еңбектерге контент-талдау жүргізілді. Антигипертензивтік препараттардың негізгі кластарына салыстырмалы фармакологиялық талдау, Қазақстан Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) тіркелген дәрілік қалыптарға фармацевтикалық талдау, сондай-ақ нарық құрылымына, препараттардың қолжетімділігіне және емдеу шығындарына фармакоэкономикалық талдау жасалды.
Нәтижелері. Заманауи АГ терапиясының негізін ангиотензин өзгертуші фермент тежегіштері (АӨФ тежегіштері), ангиотензин II рецепторларының блокаторлары, кальций өзекшелерінің антагонистері, β-адреноблокаторлар, диуретиктер және бекітілген біріктірілген препараттар құрайтыны анықталды. Антигипертензивтік препараттар нарығының құрылымында біріктірілген дәрілік заттар ең үлкен үлеске ие (26,9 %). Артериялық гипертензия амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін пациенттердің жалпы санының 38 %-ына дейінін құрайды, бұл ретте бір пациентке шаққандағы емнің орташа құны салыстырмалы түрде төмен деңгейде сақталады (2025 жылы – 8688,95 теңге). Гипертониялық кризді емдеуде артериялық қысымды парентеральды дәрілік қалыптарды қолдану арқылы бақыланатын түрде төмендетуге басымдық беріледі. Интраназальды жеткізу жүйелерін қоса алғанда, дәрілік заттарды енгізудің баламалы жолдарының өзектілігі атап өтілді.
Талқылау. Біріктірілген препараттардың нарықтағы жетекші үлесі қазіргі ұсынымдардағы біріктірілген емдеу тәсілдерінің маңыздылығына сәйкес келеді. Бір пациентке шаққандағы шығынның салыстырмалы түрде төмен болуы қолжетімді генериктерді қолданумен байланысты болуы мүмкін, бірақ емнің тиімділігін өздігінен дәлелдемейді. Интраназальды дәрі жеткізу жүйелерін тәжірибеге енгізу үшін олардың клиникалық және фармацевтикалық қасиеттерін қосымша бағалау қажет.
Қорытынды. Ұтымды фармакотерапияны, дәрілік қалыптарды оңтайландыруды және фармакоэкономикалық бағалауды үйлестіретін кешенді тәсіл артериялық гипертензияны емдеу тиімділігін арттырудың және гипертониялық криздердің алдын алудың негізгі шарты болып табылады.
Түйін сөздер: артериялық гипертензия, гипертониялық криз, фармакотерапия, фармакоэкономика, фармацевтикалық нарық, дәрілік қалып.
количество просмотров / 👁 119












