ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ИММУНОБИОЛОГИЯЛЫҚ ПРЕПАРАТТАР НАРЫҒЫНЫҢ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ МЕН ДАМУ ПЕРСПЕКТИВАСЫ

Алынды: 09 қыркүйек 2026 ж.

Қабылданды: 01 қазан 2026 ж.

Онлайн жарияланды: 30 қазан 2026 ж.

ӘОЖ: 615.37:339.13(574)

DOI: 10.53511/pharmkaz.2026.5.21

Мақала түрі: Түпнұсқалық ғылыми мақала

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ИММУНОБИОЛОГИЯЛЫҚ ПРЕПАРАТТАР НАРЫҒЫНЫҢ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ МЕН ДАМУ ПЕРСПЕКТИВАСЫ

 

Бекмұхан Д.С.¹*, Әбекова А.О.², Әмірханова А.Ш.¹, Үстенова Г.О.¹, Ахметсадықов Н.Н.²

1 «С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» КЕАҚ, Алматы, 050012, Қазақстан

2 «Антиген» ҰКП ЖШС, Әзербаев көшесі, 4, Абай ауылы, Қарасай ауданы, Алматы облысы, 040905, Қазақстан

Корреспонденция авторы: Бекмухан Дана Сәкенқызы, e–mail: daniebb17@gmail.com

 

Түйін. Жұмыста Қазақстан Республикасының дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізілімі деректері (17.05.2026 ж. жағдай бойынша, n=97 позиция) негізінде иммунобиологиялық препараттар (ИБП) нарығына кешенді баға беріліп, ЕАЭО тіркеу контурымен (n=153) салыстырылды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы – жекелеген АТХ-сегменттерінің (V01, J06, J07) клиникалық-логистикалық маңыздылығын ескере отырып, импортқа тәуелділікті түсіндіруге тәуекел-бағдарланған тәсілді қолдану, сондай-ақ нарықтың экономикалық көрсеткіштері мен SWOT-талдауды біртұтас аналитикалық модельге біріктіру.

Материалдар мен әдістер: ҚР Мемлекеттік тізілімінен жаппай іріктеу; ҰСБ «Талдау» ААЖ деректері (2011–2024 жж.); «СҚ-Фармация» ЖШС мемлекеттік сатып алу бойынша ашық деректері; Еуразиялық экономикалық комиссияның бірыңғай тіркеу деректері. Контент-талдау, салыстырмалы, құрылымдық және SWOT-талдау, тәуекелге бағдарланған сегменттік бағалау әдістері қолданылды.

Нәтижелер. ИБП үлесі тіркелген ДЗ-дан 1,7 %-ды құрайды. Құрылымда вакциналар басым (73,2 %); аллергендердің үлесі (4,1 %) ЕАЭО-ның тиісті көрсеткішінен (41,8 %) айтарлықтай төмен, бұл диагностикалық және десенсибилизациялық құралдардың құрылымдық тапшылығын көрсетеді. Импортқа тәуелділік 94,8 %-ды құрайды (5 отандық позиция, барлығы 97). J06 сегменті (иммуноглобулиндер мен сарысулар) толығымен импортпен қамтамасыз етілген. Қазақстанның жалпы фармацевтикалық нарығындағы отандық дәрілік заттардың үлесі – 15,1 % (2024 ж.), мемлекеттік сатып алуда – шамамен 32 %.

Талқылау. Алынған деректер Қазақстан Республикасында иммунобиологиялық препараттар сегментінің жоғары импортқа тәуелділігін растайды. Отандық ИБП үлесі 5,2% құрайды, бұл өз кезегінде жалпы фармацевтикалық нарық көрсеткішінен айтарлықтай төмен. ЕАЭО тіркеу контурымен салыстыру V01 аллергендерінің сегментінде неғұрлым айқын құрылымдық айырмашылықты анықтады, ал J06 үлесі Қазақстанда осы сегменттің толық импортқа тәуелділігіне қарамастан салыстырмалы болды. Алынған нәтижелер отандық өндірісті және ИБП тіркеу ассортиментін сараланған дамыту қажеттілігін негіздейді.

Қорытынды. Қазақстан Республикасының ИБП нарығы импортқа жоғары құрылымдық тәуелділікпен және басым профилактикалық бағытпен сипатталады. Ең осал сегмент – J06 (иммуноглобулиндер мен сарысулар). Өндірісті оқшаулау, келісімшарттық өндірісті дамыту, мемлекеттік стратегиялық резерв қалыптастыру және аллергодиагностикалық құралдарды тіркеуді кеңейту бойынша нақты ұсынымдар тұжырымдалды.

Түйінді сөздер: фармацевтикалық нарық, иммунобиологиялық препараттар, вакциналар, иммуноглобулиндер, ассортиментті талдау, импортқа тәуелділік, SWOT-талдау, ЕАЭО, Қазақстан Республикасы.

количество просмотров / 👁 136

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған