Алынды: 18 маусым 2026 ж.
Қабылданды: 12 қазан 2026 ж.
Онлайн жарияланды: 30 қазан 2026 ж.
ӘОЖ: 616.379-008.64-085
DOI: 10.53511/pharmkaz.2026.5.5
Мақала түрі: Түпнұсқалық ғылыми мақала
(Клиникалық интервенциялық зерттеу)
2 ТИПТІ ҚАНТ ДИАБЕТІ БАР ЕРЕСЕКТЕРДЕ 24 АПТАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫМДАЛҒАН ӨМІР САЛТЫН ӨЗГЕРТУ БАҒДАРЛАМАСЫ КЕЗІНДЕГІ КАРДИОМЕТАБОЛИЗМ КӨРСЕТКІШТЕРІНІҢ ДИНАМИКАСЫ
Ли В. В.1, Ким С. В.2, Ким И. С.2, А. В. Базарова1, Жармаханова Г.М.2
1 «Астана медицина университеті» КЕАҚ, Астана қ., Қазақстан Республикасы
2 Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеті,
Ақтөбе қ., Қазақстан Республикасы
Кіріспе және мақсаты. 2 типті қант диабеті (ҚД2) жаһандық медициналық-әлеуметтік проблема болып табылады. Фармакологиялық емес әдістер оны кешенді емдеудің маңызды құрамдас бөлігі саналады, алайда мұндай бағдарламаларды жүргізудің оңтайлы ұзақтығы жеткілікті зерттелмеген. Зерттеудің мақсаты — компенсацияланған ҚД2 бар пациенттерде құрылымдалған фармакологиялық емес бағдарламаның нәтижелері қай кезеңде байқалатынын анықтау және оның гликемиялық бақылауға, метаболикалық көрсеткіштерге әрі ауру компенсациясының тұрақтылығына әсерін бағалау.
Материалдар мен әдістер. Проспективті салыстырмалы интервенциялық зерттеуге бастапқыда 45–59 жастағы ҚД2 бар, HbA1c <7%, дене салмағының индексі ≥26 кг/м² және метформинмен монотерапия қабылдайтын 200 пациент енгізілді. Қатысушылар негізгі (бастапқыда n=100) және бақылау (бастапқыда n=100) топтарына бөлінді. Бақылау тобы стандартты ем қабылдады, ал негізгі топ оған қосымша 24 апталық құрылымдалған бағдарламаға қатысты. Бағдарламаға жеке диетологиялық кеңес беру, валеокинетика әдісі бойынша мөлшерленген дене белсенділігі және білім беру сабақтары кірді. Ашқарындағы глюкоза, ЖТЛП холестерині, атерогендік коэффициент және систолалық қан қысымы бастапқыда, 12 және 24 аптада бағаланды. Нәтижелер. 12 аптадан кейін негізгі топта бақылау тобымен салыстырғанда систолалық қан қысымы (129,36 және 133,03 мм сын. бағ.; p=0,036) мен ашқарындағы глюкоза (6,52 және 6,73 ммоль/л; p=0,007) төмен, ал ЖТЛП холестерині (0,63 және 0,56 ммоль/л; p=0,015) жоғары болды. 24 аптада атерогендік коэффициент бойынша статистикалық мәнді айырмашылық анықталды (9,30 және 11,24; p=0,017). Глюкоза мен ЖТЛП холестерині бойынша да айырмашылықтар сақталды (p<0,001), ал систолалық қан қысымы бойынша айырмашылық статистикалық мәнді болмады (p=0,070). Талқылау. 12 аптада байқалған көмірсу алмасуы, ЖТЛП холестерині және қан қысымы көрсеткіштерінің қолайлы айырмашылықтары диетотерапияның, мөлшерленген дене белсенділігінің және өзін-өзі бақылауды үйретудің кешенді ықпалымен байланысты болуы мүмкін. 24 аптада атерогендік коэффициенттің төмендеуі бағдарламаны ұзағырақ жүргізгенде липидтік профильдің қосымша жақсару мүмкіндігін көрсетеді. Дегенмен екі бақылау мерзіміндегі деректер бағдарламаның ең қысқа тиімді ұзақтығын немесе аяқталғаннан кейін әсердің сақталуын дәлелдемейді.
Қорытынды. Диетотерапияны, мөлшерленген дене белсенділігін және оқытуды қамтитын құрылымдалған фармакологиялық емес бағдарлама ҚД2 бар пациенттердің кейбір метаболикалық көрсеткіштеріндегі қолайлы өзгерістермен байланысты болды. Алғашқы статистикалық мәнді топаралық айырмашылықтар 3 айдан кейін байқалды, ал 6 айда атерогендік коэффициенттің төмендеуі қосымша анықталды. Нәтижелер ҚД2 кешенді емінде ұзақ мерзімді фармакологиялық емес бағдарламалардың маңызын көрсетеді; оңтайлы ұзақтығы мен әсерінің тұрақтылығын нақтылау үшін қосымша зерттеулер қажет.
Түйінді сөздер: 2 типті қант диабеті, фармакологиялық емес емдеу, құрылымдалған бағдарлама, гликемиялық бақылау, липидтік профиль, валеокинетика, араласу ұзақтығы.
количество просмотров / 👁 84












