Алынды: 10 ақпан 2026
Қабылданды: 18 ақпан 2026
Онлайн жарияланды: 27 ақпан 2026
УДК: 615.322:615.03:612.67
DOI: 10.53511/pharmkaz.2026.1.1
РЕДОКС-МЕХАНИЗМДЕР МЕН ІШЕК МИКРОБИОТАСЫНЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ПОЛИФЕНОЛДАРДЫҢ ГЕРОПРОТЕКТИВТІК ӘСЕРЛЕРІ (СИПАТТАМАЛЫҚ ШОЛУ)
Александр Е. Гуляев ¹’²’³, Мадина Бауыржан ¹, Саягул Кайргельдина ¹, Мадияр
Нұрғазиев ² , Ассия Майкенова ², Аяулым Нұрғазиева ², Зарина Шульгау 4
¹ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Курортология және медициналық
реабилитация ғылыми-зерттеу институты, Астана, Қазақстан
² Өмір туралы ғылымдар орталығы, «National Laboratory Astana» ЖМ, Назарбаев Университеті,
Астана қ., Қазақстан
³ «Қарағанды медицина университеті» КЕАҚ, Қарағанды, Қазақстан
4 «Астана медицина университеті» КеАҚ, Астана қ., Қазақстан
Түйін: Оксидативті стресс теориясы геронтологияда іргелі ұстаным болып қала бергенімен,
соңғы клиникалық деректер дәстүрлі антиоксидантты витаминдердің тиімділігіне күмән
келтіріп, назарды өсімдік тектес күрделі биоактивті қосылыстарға аударды. Осы шолудың
мақсаты – өсімдік полифенолдарының антиоксиданттық әлеуеті, олардың әсер ету механизмдері, биожетімділігі, фиброздық үдерістерге ықпалы және ішек микробиотасымен
өзара әрекеттесуі туралы қазіргі ғылыми мәліметтерді жинақтау. Талдау соңғы 15 жылда
жоғары импакт-факторлы халықаралық журналдарда жарияланған in vitro зерттеулерді, in vivo
жануарлық модельдерді және рандомизацияланған бақыланатын клиникалық зерттеулерді
қамтитын ғылыми әдебиеттерге негізделді. Негізгі нәтижелер полифенолдардың (әсіресе
флавоноидтар мен стильбендердің) in vitro жағдайында бос радикалдарды тиімді
байланыстыратын және айқын антиоксиданттық белсенділікке ие екенін көрсетті. Алайда in
vivo жағдайда олардың жүйелік әсері төмен биожетімділік пен жылдам метаболизмге
байланысты шектеледі. Ішек микробиотасы түзетін метаболиттер оксидативті стресс
модуляциялауда шешуші рөл атқарады. Клиникалық зерттеулер полифенолдарға бай
диеталардың (жидектер, қызыл шарап, жасыл шай, Жерорта теңізі және Жасыл Жерорта теңізі
диеталары) биологиялық қартаюды (ДНҚ метилдену сағаттары бойынша бағаланатын)
баяулататынын, когнитивтік функцияны жақсартатынын, қантамырлық денсаулықты
нығайтатынын және жүрек-қантамыр ауруларының, семіздіктің және метаболикалық
синдромның даму қаупін төмендететінін көрсетеді. Қорытындылай келе, полифенолдар
өздерінің плейотропты пайдалы әсерлерін негізінен эндогенді қорғаныс жолдарын белсендіру
және ішек микробиотасын модуляциялау (ішек–жүрек және ішек–ми осьтері арқылы) арқылы
жүзеге асырады, ал бос радикалдарды тікелей бейтараптандыру екінші реттік мәнге ие. Бұл
әсерлер жеке оқшауланған қосылыстарға қарағанда табиғи тағамдық көздерге тән күрделі
матрицалар үшін анағұрлым айқын байқалады.
Түйін сөздер: тотығу стрессі, қартаю, полифенолдар, антиоксиданттар, ішек микробиотасы,
биожетімділік
количество просмотров / 👁 479













