ҚАЗАҚСТАНДА АМБУЛАТОРЛЫҚ ДӘРІ-ДӘРМЕКПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖҮЙЕСІНІҢ ДАМУ КЕЗЕҢДЕРІ (ӘДЕБИ ШОЛУ)

Редакцияға түсті: 8.04.2026
Баспаға қабылданды: 24.04.2026
Онлайн жарияланды: 29.04.2026
УДК: 614.27(574)
DOI: 10.53511/pharmkaz.2026.2.3

ҚАЗАҚСТАНДА АМБУЛАТОРЛЫҚ ДӘРІ-ДӘРМЕКПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖҮЙЕСІНІҢ
ДАМУ КЕЗЕҢДЕРІ (ӘДЕБИ ШОЛУ)

Жанжігітова Қ.Ж. ¹, Ералиева Б.А. ², Бөрібаева Ж.Қ. ², Джанбатырова А.Е. ²
¹«ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университеті, Алматы, Қазақстан
²«С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті КЕАҚ, Алматы, Қазақстан

Кіріспе. Қазақстандағы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі денсаулық сақтау саласының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады және соңғы онжылдықтарда белсенді реформалардың нысанына айналды. Оның даму кезеңдерін талдау қол жеткізілген нәтижелерді бағалауға және одан әрі жетілдіру бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.

Зерттеудің мақсаты. Қазақстандағы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің эволюциясына қысқаша шолу жасау және оны дәрілік заттардың құнын өтеудің халықаралық модельдерімен салыстыру арқылы негізгі институционалдық ерекшеліктерін анықтау.

Материалдар мен әдістер. Бұл зерттеу тарихи, құрылымдық және салыстырмалы саяси талдау элементтері бар баяндаушылық шолу (narrative review) ретінде жүргізілді. Шолу 1991–2025 жылдар аралығында жарияланған ғылыми еңбектерге, ұлттық нормативтік-құқықтық құжаттарға, ресми есептерге және халықаралық денсаулық сақтау саясатына қатысты материалдарға негізделді. Әдебиеттерді іздеу PubMed, Scopus, Web of Science, Google
Scholar және e-Library дерекқорларында жүргізілді. Іздеу барысында амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, дәрілік заттардың құнын өтеу, фармацевтикалық саясат, медициналық технологияларды бағалау және Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі сияқты кілт сөздер қолданылды. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, құнын өтеу тетіктеріне, фармацевтикалық саясаттағы реформаларға немесе дәрілік қамтамасыз
етудің халықаралық модельдеріне қатысты дереккөздер енгізілді. Зерттеудің мақсаты жүйелі деректерді талдау емес, аналитикалық жинақтау болғандықтан, PRISMA әдістемесі қолданылған жоқ.

Нәтижелері. Қазақстандағы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (АДҚ) жүйесінің дамуының төрт негізгі кезеңі анықталды: орталықтандырылмаған (1991-2004 жж.), өтпелі (2005-2009 жж.), орталықтандырылған (2010-2017 жж.) және сақтандыру-цифрлық кезең (2017 жылғы қазаннан бастап қазіргі уақытқа дейін). Жүргізілген реформалар орталықтандырылған сатып алу, формулярлық жүйе, электрондық рецепттер және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен интеграция сияқты тетіктерді енгізді. Германия, Польша, АҚШ, Ресей,
Беларусь, Канада, Ұлыбритания және Австралия сияқты елдермен жүргізілген салыстырмалы талдау Қазақстанның мемлекеттік қатысуы мен цифрландыру деңгейі жоғары аралас модельге көшіп жатқанын көрсетті, алайда HTA жүйесі мен қосымша төлем тетіктері әлі де шектеулі деңгейде. Сонымен қатар, авторлық тұжырымдамалық модель ұсынылды, оған сәйкес Қазақстанның амбулаториялық дәрідәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі мемлекеттік кепілді қаржыландыруды, орталықтандырылған сатып алуды, сақтандырумен интеграцияны және дәлелді медицинаға негізделген жаңа құнын өтеу тетіктерін біріктіретін гибридті өтпелі модель ретінде сипатталады.

Талқылау. Нәтижелер Қазақстандағы АДҚ жүйесінің қолжетімділік пен ашықтықты арттыру бағытында оң серпінге ие екенін көрсетті, алайда бюджет тұрақтылығы, өңірлік теңсіздік және шешім қабылдауда дәлелді және экономикалық құралдарды одан әрі енгізу қажеттілігі сияқты мәселелер сақталып отыр.

Қорытынды. Қазақстан амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуда елеулі прогресске жетті. Оның ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін цифрлық интеграцияны одан әрі дамыту, медициналық технологияларды бағалау (HTA) жүйесін кеңінен енгізу, дәрілердің өтелім тізімдерін үнемі оңтайландыру және әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қаржыландыру механизмдерін күшейту қажет.

Түйінді сөздер: амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жеңілдігі бар пациенттер, тегін дәрі-дәрмектер, мемлекеттік кепілдіктер, әлеуметтік қолдау, жеңілдікпен қамтамасыз ету, диспансерлік бақылау, дәрі-дәрмек құнын өтеу, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС).

количество просмотров / 👁 360

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған