Алынды: 05.05.2026
Қабылданды: 01.06.2026
Онлайн жарияланды: 17.06.2026
ӘОЖ: 615.453.4:582.757.2
DOI: 10.53511/pharmkaz.2026.3.6
ФАРМАЦЕВТИКА ӨНЕРКӘСІБІНДЕ ТАПИОКА НЕГІЗІНДЕГІ ӨСІМДІК ТЕКТІ
БАЛАМАЛАРДЫ ҚОЛДАНУ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ ЖӘНЕ КАПСУЛАЛЫҚ
ҚАБЫҚШАЛАР НАРЫҒЫНЫҢ ҚАЗІРГІ ҮРДІСТЕРІ
Раганина К.Т.¹, Павелковская Г.П.², Меньшикова Е. В.², Тлеубаева М.И.¹, Жандабаева
М.А.¹, Койлыбаева М. К.¹, Демеуова А.С.¹, Кадилина А.Э.¹
¹ С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті КЕАҚ, Алматы қ., Қазақстан
² «Қызылмай Фирмасы» ӨК, Алматы қ., Қазақстан
Кіріспе. Фармацевтикалық және нутрицевтикалық препараттардың заманауи нарығы капсулалауға инновациялық тәсілдерді қажет етеді. Дәстүрлі жұмсақ капсулаларының (ЖК) жануарлардан алынатын шикізатқа тәуелділігі мен ылғалға сезімталдығы сияқты бірқатар шектеулері бар. Тапиока сияқты өсімдік тектес баламаларға көшу саланың стратегиялық трендіне айналуда.
Материалдар мен әдістер. Зерттеу аналитикалық және салыстырмалы шолу форматында жүргізілді. Жарияланымдарды іздеу 2010-2025 жылдар аралығында Scopus, Web of Science, PubMed және Google Scholar дерекқорларында жүзеге асырылды. Келесі түйінді сөздер қолданылды: «softgel capsules», «tapioca capsules», «plant-based capsules», «HPMC capsules», «pullulan», «alginate», «carrageenan», «starch-based drug delivery systems». Нарықтық үрдістерді талдау үшін Grand View Research, GMI Insights, Precedence Research, Mordor Intelligence және BCC Research деректері пайдаланылды. Нарықтық болжамдарды салыстыру CAGR көрсеткіштері мен абсолюттік нарықтық көрсеткіштерді салыстырмалы талдау әдісі арқылы жүргізілді. Қазақстан нарығын талдау Қазақстан Республикасының Дәрілік заттардың мемлекеттік тізілімі негізінде капсулалық препараттардың құрылымын, өндіруші елдерді және капсулалардың түрлерін бағалау арқылы орындалды.
Полимерлік матрицаларды салыстырмалы талдау келесі көрсеткіштерді бағалауды қамтыды:
– физика-химиялық тұрақтылық;
– ылғалға төзімділік;
– липофильді API-мен үйлесімділік;
– өндірістік технологиялылық;
– өнеркәсіптік ауқымда өндіру әлеуеті.
Нәтижелер. Әлемдік «soft capsules» нарығы 6-7% CAGR көрсеткішімен тұрақты өсуді көрсетіп отыр. Қазақстанда капсулаланған формалар тіркелген препараттардың жалпы санының 8,3%-ын құрайды, алайда тізілімде өсімдік тектес жұмсақ капсулалар іс жүзінде жоқ. Тапиоканың жоғары эластикалық қасиетке және сыртқы факторларға төзімділікке ие екендігі анықталды, бұл оны желатиннің перспективалы алмастырушысы етеді.
Талқылау. «Clean label» тұжырымдамасы мен вегандық өнімдерге деген сұраныстың артуы өсімдік тектес қабықшалар үшін жаңа тауашаларды қалыптастырады. Отандық кәсіпорындардың (мысалы, «Қызылмай» ПК фирмасы) тапиокадан капсула өндіру технологиясын енгізуі импортты алмастыруға және елдің дәрі-дәрмек
қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
Қорытынды. Тапиока негізіндегі жұмсақ капсулаларға көшу өсімдік текті инкапсуляция жүйелерін дамытудың перспективті бағыты болып табылады және отандық өндірушілерге әлемдік технологиялық үрдістерге сәйкес келуге, сондай-ақ нутрицевтиктер мен дәрілік заттар ассортиментін кеңейтуге ықпал етуі мүмкін.
Түйінді сөздер. Жұмсақ желатин капсулалары, тапиока, өсімдік тектес баламалар, Қазақстанның фармацевтикалық нарығы, импортты алмастыру, нутрицевтиктер, дәрілік заттарды жеткізу жүйелері.
количество просмотров / 👁 129












