АЛЬПІЛІК БЕЖІР (AEGOPODIUM ALPESTRE LEDEB.): БОТАНИКАЛЫҚ СИПАТТАМАСЫ, ФИТОХИМИЯЛЫҚ ҚҰРАМЫ, ҚОЛДАНЫЛУЫ (ӘДЕБИ ШОЛУ)

Алынды: 2026 жылғы 21 мамыр

Қабылданды: 2026 жылғы 31 шілде

Онлайн жарияланды: 2026 жылғы 21 тамыз

ӘОЖ: 615.322

DOI: 10.53511/pharmkaz.2026.4.22

 

АЛЬПІЛІК БЕЖІР  (AEGOPODIUM ALPESTRE LEDEB.): БОТАНИКАЛЫҚ СИПАТТАМАСЫ, ФИТОХИМИЯЛЫҚ ҚҰРАМЫ, ҚОЛДАНЫЛУЫ (ӘДЕБИ ШОЛУ)

 

А.Қ. Сарқытбекова¹, Г.О. Устенова¹, М.К. Койлыбаева¹,

У.Т. Бейсебаева¹, А.Ш. Амирханова¹, Jianbing Jiang²

1 «С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» КЕАҚ, Алматы қ., Қазақстан Республикасы

2 Shenzhen University Medical School, China, Shenzhen

 

Түйін: Альпілік бежір (Aegopodium alpestre Ledeb.) – Apiaceae тұқымдасына жататын, биологиялық белсенді заттардың перспективті көзі ретінде қарастырылатын, алайда қазіргі таңда жеткіліксіз зерттелген дәрілік өсімдік түрлерінің бірі. Бұл өсімдік Еуразия аумағында таралған және фармакогностикалық, ботаникалық-жүйелік, фитохимиялық зерттеулер үшін ғылыми қызығушылық тудырады. Жүргізілген зерттеулерге сәйкес, Aegopodium alpestre Ledeb. өсімдігінің жерүсті бөлігінде витаминдер, аминқышқылдары, микро- және макроэлементтер, фенолды қосылыстар, флавоноидтар, кумариндер, илік заттар және эфир майының компоненттері анықталған. Эфир майының құрамында сесквитерпеноидтардың басым болуы бұл өсімдіктің биологиялық және фармакологиялық әлеуетін сипаттайтын маңызды көрсеткіштердің бірі болып табылады. Ғылыми мақалалар мен әдебиеттерді шолу нәтижесінде Aegopodium alpestre Ledeb. өсімдігінің фитохимиялық құрамы, морфологиялық-анатомиялық ерекшеліктері, молекулалық идентификациясы және биологиялық белсенділігі бойынша мәліметтер жүйеленді. Жекелеген зерттеулерде өсімдік экстрактылары мен эфир майының антиоксиданттық және антимикробтық белсенділігі көрсетілген. Алайда аталған өсімдік түрінің химиялық құрамы, негізгі маркерлік қосылыстары, фармакологиялық әсер ету механизмдері, қауіпсіздік көрсеткіштері және дәрілік өсімдік шикізаты ретінде стандарттау мәселелері әлі де толық зерттелмеген.

Мақсаты: Aegopodium alpestre Ledeb. өсімдігінің биологиялық белсенді заттарының сапалық және сандық құрамы туралы ғылыми деректерді жүйелеу, сондай-ақ оның фармакологиялық белсенділігін дәлелдейтін зерттеу нәтижелерін талдау арқылы өсімдік шикізатына әдеби шолу жүргізу.

Зерттеу әдістері: Ақпараттық іздеу PubMed/MEDLINE, CyberLeninka Web of Science, Google Scholar және eLibrary дерекқорларында 2000 жылғы қаңтардан 2026 жылғы наурызға дейінгі кезең бойынша жүргізілді. Іздеу барысында “альпілік бежір”, “биологиялық белсенді заттар”, “морфологиялық ерекшеліктері”, “фитохимиялық құрамы”, “фармакологиялық белсенділігі”, “эфир майы”, “антиоксиданттық белсенділік”, “микробқа қарсы белсенділік” сияқты кілт сөздер мен олардың комбинациялары қолданылды. Іздеу тілдік шектеусіз жүргізіліп, талдауға A. alpestre өсімдігінің фитохимиялық құрамы, морфологиялық-анатомиялық белгілері, молекулалық идентификациясы және биологиялық белсенділігі туралы мәліметтер қамтылған еңбектер енгізілді.

Нәтижелері: Жүйелі әдеби шолу жүргізу барысында таңдалған дерекқорлар бойынша бастапқы іздеу нәтижесінде барлығы 1740 жазба анықталды. Қайталама жазбалар алынып тасталғаннан және атауы мен аннотациясы бойынша алдын ала скрининг жүргізілгеннен кейін толық мәтінді бағалау үшін 1031 жарияланым іріктелді. Толық мәтінді талдау кезеңінде Aegopodium туысының басқа түрлеріне арналған, A. alpestre бойынша нақты деректері жоқ, толық мәтіні қолжетімсіз немесе верификацияланатын бастапқы мәліметтері жеткіліксіз жұмыстар алынып тасталды. Нәтижесінде белгіленген қосу және алып тастау критерийлеріне сәйкес келетін 18 жарияланым қорытынды шолуға енгізілді. Іріктеу нәтижелері Aegopodium alpestre Ledeb. өсімдігінің дәрілік өсімдік шикізаты ретінде ғылыми әлеуеті бар екенін көрсетеді, бірақ оны фармация тәжірибесінде қолдану үшін қосымша фитохимиялық, фармакологиялық, токсикологиялық зерттеулер және стандарттау жұмыстары қажет.

Талқылау: Шолуға енгізілген жарияланымдарды талдау нәтижелері Aegopodium alpestre Ledeb. өсімдігінің құрамында биологиялық белсенді заттардың әртүрлі топтары бар екенін, сондай-ақ оның ықтимал антиоксиданттық және микробқа қарсы белсенділікке ие екенін жалпы түрде растайды. Алайда зерттеушілер өсімдіктің әртүрлі бөліктерін зерттеп, экстракциялау мен талдаудың әртүрлі әдістерін қолданғандықтан, алынған нәтижелерді тікелей салыстыру қиын. Қосылыстардың сапалық және сандық құрамына өсімдік шикізатының географиялық шығу тегі, вегетациялық кезеңі, жинау мерзімі мен жағдайлары да әсер етуі мүмкін. Фенолдық қосылыстар, флавоноидтар, кумариндер және эфир майының компоненттері неғұрлым толық зерттелген. Дегенмен негізгі маркерлік қосылыстар, фармакологиялық әсер ету механизмдері және өсімдіктің қауіпсіздігі туралы мәліметтер әлі де шектеулі. Алынған нәтижелер салыстырмалы фитохимиялық, фармакологиялық және токсикологиялық зерттеулерді одан әрі жүргізу, сондай-ақ өсімдік шикізатын стандарттаудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеу қажеттігін негіздейді.

Түйінді сөздер: Aegopodium alpestre Ledeb., альпілік бежір, Apiaceae, дәрілік өсімдік, Қазақстан флорасы, биологиялық белсенді заттар, фитохимиялық құрам, флавоноидтар, кумариндер, сесквитерпеноидтар, эфир майлары, антиоксиданттық белсенділік, антимикробтық белсенділік, молекулалық идентификация, жүйелі шолу.

 

количество просмотров / 👁 14

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған