Алынды: 28.05.2026
Қабылданды: 15.07.2026
Онлайн жарияланды: 21.08.2026
ӘОЖ: 615.322:547.9
DOI: 10.53511/pharmkaz.2026.4.21
LINARIA VULGARIS MILL. ЭКСТРАКТТАРЫНЫҢ АНТИОКСИДАНТТЫҚ, АНТИРАДИКАЛДЫҚ ЖӘНЕ АНТИМИКРОБТЫҚ БЕЛСЕНДІЛІГІН САЛЫСТЫРМАЛЫ БАҒАЛАУ
Д.Қ. Нұрқадіров1, Х.И. Итжанова1, П.Ж. Бекишева1,
Ж.Р. Шаймерденова1, С.Б. Дюсекеева2, М.М. Баймурат2,
Н.Б. Аскарова2, А.С. Зейнульдина2, А. Базарханқызы2
1КеАҚ «Қарағанды медицина университеті», Қарағанды қ., Қазақстан
2КеАҚ «Астана медицина университеті», Астана қ., Қазақстан
Кіріспе. Бұл жұмыста әртүрлі экстракция әдістері мен еріткіштерді қолдану арқылы алынған L. vulgaris Mill. экстракттарының антиоксиданттық, антирадикалдық және антимикробтық белсенділігі зерттелді. Зерттеудің өзектілігі антиоксиданттық және антимикробтық қасиеттерге ие табиғи биологиялық белсенді қосылыстарға қызығушылықтың артуына байланысты. Зерттеудің мақсаты – экстракция жағдайларының L. vulgaris Mill. экстракттарының биологиялық белсенділігіне әсерін зерттеу.
Материалдар мен әдістер. Антиоксиданттық және антирадикалдық белсенділік «Астана медицина университеті» КеАҚ базасында, ал антимикробтық белсенділік Люблин медицина университетінде (Польша) зерттелді. Зерттеу материалы ретінде Қарағанды облысында гүлдену кезеңінде жиналған өсімдіктің жерүсті бөлігі пайдаланылды. Экстракттар 70% және 96% этанолды пайдалану арқылы мацерация әдісімен, 70% этанолмен ультрадыбыстық экстракция арқылы, сондай-ақ хлороформ, этилацетат және гексан еріткіштерін қолдану арқылы алынды. Антиоксиданттық белсенділік FRAP әдісімен, ал антирадикалдық белсенділік DPPH әдісімен бағаланды. Антимикробтық белсенділік грамоң және грамтеріс бактерияларға, сондай-ақ Candida туысына жататын саңырауқұлақтарға қатысты минималды тежеуші концентрацияны (MIC) және минималды бактерицидтік/фунгицидтік концентрацияны (MBC/MFC) анықтау арқылы зерттелді.
Нәтижелер. FRAP талдауы бойынша ультрадыбыстық экстракция әдісімен алынған 70% этанол экстракты ең жоғары тотықсыздандыру қабілетін көрсетті (1,0 мг/мл концентрацияда оптикалық тығыздығы – 1,2124 ± 0,02). DPPH талдауында ең жоғары антирадикалдық белсенділік 96% этанол экстрактында анықталды (1,0 мг/мл концентрацияда – 75,28%). Ең айқын антимикробтық белсенділікті этилацетат экстракты көрсетті (грамоң бактерияларға қатысты MIC = 2,5 – 5 мг/мл). Сонымен қатар, 70% этанол экстракты Candida parapsilosis ATCC 22019 штамына қарсы жоғары белсенділік танытты (MIC = 1,25 мг/мл). Грамтеріс бактериялар зерттелген экстракттарға төмен сезімталдық көрсетті, олардың көпшілігінде MIC мәндері 10 – 20 мг/мл және одан жоғары болды.
Талқылау. Зерттеу нәтижелері экстракция әдісі мен қолданылған еріткіштің L. vulgaris Mill. экстракттарының биологиялық белсенділігіне елеулі әсер ететінін көрсетті. Әртүрлі экстракция жағдайлары антиоксиданттық, антирадикалдық және антимикробтық қасиеттердің айқындылығына ықпал етеді. Алынған нәтижелер бұл өсімдікті биологиялық белсенді қосылыстардың көзі ретінде әрі қарай зерттеудің және оның негізінде фитопрепараттар әзірлеудің перспективалылығын көрсетеді.
Қорытынды. Зерттеу нәтижелері L. vulgaris Mill. өсімдігінің антиоксиданттық және антимикробтық әлеуетін растады. Экстракция әдісі мен еріткіш түрінің биологиялық белсенділікке әсері анықталды, бұл аталған өсімдікті биологиялық белсенді қосылыстардың перспективалы көзі ретінде одан әрі зерттеудің орындылығын негіздейді.
Түйінді сөздер: Linaria vulgaris Mill., өсімдік экстракттары, антиоксиданттық белсенділік, антирадикалдық белсенділік, антимикробтық белсенділік, FRAP, DPPH, MIC, экстракция әдістері, биологиялық белсенді қосылыстар.
количество просмотров / 👁 16












