ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӨСЕТІН Galium Spurium L. ШӨБІНДЕГІ ГИПЕРОЗИД ПЕН ЖАЛПЫ ФЛАВОНОИДТАРДЫ САНДЫҚ АНЫҚТАУ

Алынды: 2026 жылғы 27 шілде

Қабылданды: 2026 жылғы 05 қазан

Онлайн жарияланды: 2026 жылғы 30 қазан

ӘОЖ: 615.322:615.076.8

DOI: 10.53511/pharmkaz.2026.5.12

 

Мақала түрі: Түпнұсқа ғылыми мақала

 

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӨСЕТІН Galium Spurium L. ШӨБІНДЕГІ ГИПЕРОЗИД ПЕН ЖАЛПЫ ФЛАВОНОИДТАРДЫ САНДЫҚ АНЫҚТАУ

 

Шерхан А.М.1*, Орынбасарова К.К.2, Турсубекова Б.И.1, Рахманова Г.С.2

1М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті, Қазақстан Республикасы, Шымкент қ.

2Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы,  Қазақстан Республикасы, Шымкент қ.

 

Кіріспе. Мақалада Түркістан облысында өсетін Galium spurium L. шөбіндегі флавоноидтар спектрофотометрия және жоғары тиімді сұйықтық хроматографиясы (ЖЭСХ) әдістерімен зерттелді. Зерттелген шикізат үлгісінде жалпы флавоноидтардың мөлшері гиперозидке шаққанда 2,10 ± 0,16% (n=5), ал гиперозид мөлшері ЖЭСХ әдісімен 1,383% болды.

Зерттеудің мақсаты. Түркістан облысынан жиналған Galium spurium L. шөбіндегі гиперозидті ұсталу уақыты бойынша алдын ала сәйкестендіру және оның мөлшерін ЖЭСХ әдісімен, ал жалпы флавоноидтардың мөлшерін спектрофотометриялық әдіспен сандық анықтау.

Материалдар мен әдістер. Зерттеу нысаны – Түркістан облысы Қазығұрт ауданында 2026 жылғы маусымда гүлдеу кезеңінде жиналған және кептірілген Galium spurium L. шөбі. ЖЭСХ нәтижесі біріккен шикізат үлгісіне жүргізілген бір анықтаудан (n=1), ал жалпы флавоноидтарды қорытынды сандық анықтау бес параллель өлшеуден (n=5) алынды. Сандық талдауда ЖЭСХ және алюминий хлоридімен кешен түзу реакциясына негізделген спектрофотометриялық әдіс қолданылды.

Экстракция параметрлерін таңдауда 40%, 50%, 70% және 90% этанол, 0,5–3,0 мм ұсақталу дәрежесі және 30–90 минут аралығы зерттелді.

ЖЭСХ Agilent 1260 Infinity хроматографында, ал СФ-2000 спектрофотометрінде 378 нм толқын ұзындығында жүргізілді. Бес параллель өлшеу тек жалпы флавоноидтарды қорытынды спектрофотометриялық анықтауға қатысты; ЖЭСХ нәтижесі біріккен үлгінің бір анықтауымен (n=1) берілді.

Нәтижелері. ЖЭСХ бойынша гиперозидтің ұсталу уақыты 1,704 мин, мөлшері 1,383% болды. Спектрофотометриялық әдіспен жалпы флавоноидтар 2,10 ± 0,16% (n=5; RSD=7,53%) деңгейінде анықталды. Зерттелген жағдайларда оңтайлы параметрлер 1,0 мм, 70% этанол және 60 минут болды.

Талқылау. Galium түрлерінде флавоноидтар мен басқа фенолдық қосылыстардың болуы әдеби деректермен расталған. Бұл зерттеуде алынған көрсеткіштер бір шикізат жиынтығына қатысты. УК әдісіндегі RSD=7,53% қайталанғыштықтың шектеулі екенін көрсетті, ал ЖЭСХ әдісі толық валидацияланбағандықтан, нәтижелер алдын ала сандық сипаттама ретінде қарастырылды.

Қорытынды. Түркістан облысы Қазығұрт ауданынан жиналған Galium spurium L. шөбінің зерттелген үлгісінде ЖЭСХ әдісімен гиперозид мөлшері 1,383%, ал спектрофотометриялық әдіспен гиперозидке шаққандағы жалпы флавоноидтар мөлшері 2,10 ± 0,16% болды. Зерттеу нәтижелері бір ғана шикізат партиясы негізінде алынғандықтан, олар бүкіл түрге немесе дәрілік өсімдік шикізатына тән тұрақты көрсеткіштер ретінде алдын ала бағаланады. Алынған нәтижелер алғашқы сипаттама және болжамды қорытынды ретінде қарастырылып, зерттеу жұмыстары бірнеше шикізат партиясында жалғастырылады.

Түйінді сөздер: Galium spurium L., флавоноидтар, УК-спектроскопия, ЖЭСХ, сандық талдау, дәрілік өсімдік шикізаты.

количество просмотров / 👁 54

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған