CIRSIUM ARVENSE (L.) SCOP.: ҚОЛДА БАР ҒЫЛЫМИ ДӘЛЕЛДЕРДІ СЫНИ БАҒАЛАУ ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ СТАНДАРТТАУ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ

Алынды: 2026 жылғы 18 тамыз

Қабылданды: 2026 жылғы 13 қазан

Онлайн жарияланды: 2026 жылғы 30 қазан

ӘОЖ: 615.322:547.9:582.998.1

DOI: 10.53511/pharmkaz.2026.5.13

 

Мақала түрі: Шолу мақаласы

 

CIRSIUM ARVENSE (L.) SCOP.: ҚОЛДА БАР ҒЫЛЫМИ ДӘЛЕЛДЕРДІ СЫНИ БАҒАЛАУ ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ СТАНДАРТТАУ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ

 

Серикбаева Э.А.1, Жакипбеков К.С.1, Бақытжанова А.Б.1,

Pavel Mucaji2,  Аширов М.З1, Рахымбаев Н.А.1

1С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Алматы қ., Қазақстан Республикасы

2 Братиславадағы Коменский университеті, Братислава қ., Словакия Республикасы

 

Кіріспе. Cirsium arvense (L.) Scop. – дәстүрлі медицинада қолданылған және құрамында әртүрлі биологиялық белсенді қосылыстары бар Asteraceae тұқымдасының өкілі. Бұл өсімдікке ғылыми қызығушылық оның фитохимиялық құрамы мен ықтимал фармакологиялық белсенділігіне байланысты.

Мақсаты. Cirsium arvense өсімдігі бойынша жарияланған фитохимиялық және фармакологиялық деректердің дәлел деңгейін сыни бағалау, зерттеулердің әдістемелік шектеулерін анықтау және өсімдік шикізаты мен экстрактыларын фармацевтикалық стандарттауға қажетті негізгі көрсеткіштерді негіздеу.

Материалдар мен әдістер. PubMed, Scopus, Web of Science, ScienceDirect және Google Scholar дерекқорларында ұсынылған жарияланымдарға сыни шолу жүргізілді. Іздеу 2026 жылғы мамыр айына дейін жарияланған еңбектерді қамтыды және «Cirsium arvense», «phytochemistry», «traditional use», «antioxidant activity», «antimicrobial activity», «pharmacological activity» түйінді сөздері мен олардың комбинацияларын пайдалану арқылы жүзеге асырылды. Талдауға қарастырылып отырған өсімдікке тікелей қатысты түпнұсқалық зерттеулер, шолу мақалалары, кітаптар және ресми дереккөздер енгізілді.

Нәтижелер. Қолжетімді зерттеулердің басым бөлігі стандартталмаған сығындыларды пайдаланған in vitro жұмыстардан тұрады. Антиоксиданттық және микробқа қарсы белсенділіктер бойынша деректер салыстырмалы түрде көбірек болғанымен, өсімдік бөліктері, экстракция әдістері, еріткіштер, дозалар және бағалау модельдері арасындағы елеулі айырмашылықтар нәтижелерді тікелей салыстыруды шектейді. Шолуға енгізілген жарияланымдар арасында адамдарға жүргізілген клиникалық зерттеулер анықталған жоқ. Шикізаттың сәйкестендірілуі, маркерлік қосылыстардың сандық мөлшері, экстрактылардың құрамы, қоспалар, тұрақтылық және серияаралық біркелкілік жөніндегі мәліметтер жеткіліксіз. Осы деректер негізінде C. arvense шикізаты мен экстрактыларын бағалауға арналған стандарттау көрсеткіштерінің ұсыныстық матрицасы әзірленді.

Талқылау. Әдебиеттерді талдау Cirsium arvense (L.) Scop. өсімдігінің фитохимиялық құрамы мен биологиялық белсенділігі зерттеуге қызығушылық тудырады болғанымен, қолжетімді дәлелдердің әдістемелік тұрғыдан біркелкі еместігін көрсетті. Зерттеулерде қолданылған өсімдік бөліктерінің, экстракция әдістерінің және бағалау модельдерінің айырмашылықтары нәтижелерді салыстыруды қиындатады, ал клиникалық зерттеулердің болмауы өсімдіктің тиімділігі мен қауіпсіздігін толық бағалауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан болашақ зерттеулер өсімдік шикізатын фармацевтикалық стандарттауға, химиялық маркерлерді анықтауға және стандартталған клиникаға дейінгі зерттеулер жүргізуге бағытталуы тиіс.

Қорытынды. Қазіргі дәлелдер C. arvense өсімдігін клиникалық қолдануға немесе дайын дәрілік өсімдік препараты ретінде ұсынуға жеткіліксіз. Болашақ зерттеулер ботаникалық сәйкестендіруге, химиялық маркерлерді таңдауға, сандық стандарттауға, экстрактылардың серияаралық біркелкілігіне, қауіпсіздігіне және стандартталған клиникаға дейінгі модельдерге бағытталуы тиіс.

Түйінді сөздер: Cirsium arvense; дәлел деңгейі; сыни бағалау; фармацевтикалық стандарттау; сапаны бақылау; дәрілік өсімдік шикізаты; клиникаға дейінгі зерттеулер.

количество просмотров / 👁 72

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған