Алынды: 2026 жылғы 22 шілде
Қабылданды: 2026 жылғы 09 қазан
Онлайн жарияланды: 2026 жылғы 30 қазан
ӘОЖ: 582.6/.9
DOI: 10.53511/pharmkaz.2026.5.15
Мақала түрі: Түпнұсқалық ғылыми мақала
ШЫҒЫСТЫҚ ТЕКЕСАҚАЛ (DODARTIA ORIENTALIS) ШӨБІНДЕГІ ФЛАВОНИДТАРДЫ АНЫҚТАУ
Мұхидин Ж.Н. 1, Орынбасарова К.К. 2, Рахманова Г.С. 2, Турсубекова Б.И. 1
1М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті, Шымкент, Қазақстан
2«Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ, Шымкент, Қазақстан
Кіріспе. Мақала отандық фармацевтика ғылымы мен өндірісі үшін қолжетімді өсімдік шикізаты негізінде тиімді фитопрепараттар жасаудың өзекті мәселесіне арналған. Әдеби мәліметтерге сүйенсек өсімдіктің биологиялық белсенді қосылыстарға бай екені және қабынуға қарсы, микробқа қарсы, сондай-ақ аллергияға қарсы белсенділік танытады деген мәліметтер кездеседі. Алайда, отандық флорада кең таралған бұл өсімдіктің химиялық құрамы мен флавоноидтар профилі заманауи фармацевтика тұрғысынан әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Фитотерапияның дамуын ескере отырып, шығыстық текесақалдың химиялық құрамын жүйелі түрде талдау өте маңызды. Сонымен қатар, бұл нәтижелер аталған өсімдік шикізаты негізінде тиімділігі жоғары, қауіпсіз отандық фитопрепараттар мен сұйық экстрактілерді жасаудың, оларды стандарттаудың және фармакологиялық әлеуетін одан әрі бағалаудың ғылыми-тәжірибелік негізі болып табылады.
Мақсаты. Шығыстық текесақал (Dodartia orientalis L.) шөбінің жерүсті бөлігінен флавоноидтарды бөліп алуға тиімді концентрациядағы экстрагентті таңдау, алынған экстракттан флавоноидтарға талдау жүргізу үшін ИҚ-спектроскопия және ЖЭСХ әдістерін қолдану.
Әдістер. Зерттеу барысында әртүрлі концентрациядағы этанол ерітінділері қолданылып, флавоноидтарды бөліп алуға арналған экстрагент ретінде 70% этанолдың жарамдылығы бағаланды. Экстрактідегі флавоноидтардың жалпы мөлшерін сандық бағалау Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фармакопеясының талаптарына сәйкес ИҚ-спектроскопия және ЖЭСХ әдістерімен орындалды.
Нәтижелер. ИҚ-спектроскопия шығыстық текесақал сығындысында флавоноидтарға тән функционалдық топтардың бар екенін және гиперозидті СҮ-мен бірдей екенін көрсетті. ЖЭСХ әдісімен гиперозид (0,963%), рутин (0,412%) және дигидрокверцетин (0,341%) сәйкестендірілді. Үш флавоноидтың жиынтық мөлшері абсолютті құрғақ шикізатқа шаққанда 1,716% құрады.
Талқылаулар. Алынған нәтижелер шығыстық текесақал шөбінің құрамындағы флавоноидтардың сандық сипаттамаларын айқын көрсетті. Өсімдік шикізатында жоғары антиоксиданттық белсенділікке ие негізгі фенолды қосылыстар – рутин, гиперозид және дигидрокверцетин бары анықталды.
Қорытынды. Алынған нәтижелер шығыстық текесақал дәрілік шөбінің шикізат базасын кеңейту үшін негіз болып табылады
Түйін сөздер: шығыстық текесақал, Dodartia orientalis, химиялық талдау, экстракция, флавоноидтар, ИҚ-спектроскопия, биологиялық белсенді заттар, Мемлекеттік фармакопея, ЖЭСХ.













