Алынды: 2026 жылғы 22 шілде
Қабылданды: 2026 жылғы 19 қазан
Онлайн жарияланды: 2026 жылғы 30 қазан
ӘОЖ: 615.322:547.972:543.544:543.51
DOI: 10.53511/pharmkaz.2026.5.18
Мақала түрі: Түпнұсқа ғылыми мақала
МАРШАЛЛ АҚБАСҚУРАЙЫ ШӨБІНДЕГІ ФЛАВАНОИДТАРДЫ УЛЬТРА КҮЛГІН СПЕКТРОСКОПИЯ ЖӘНЕ ЖҰҚА ҚАБАТТЫ ХРОМАТОГРАФИЯ ӘДІСТЕРІМЕН ЗЕРТТЕУ
Чапай Н.К.1, Орынбасарова К.К.2, Турсубекова Б.И.1, Рахманова Г.С.2
1М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті, Қазақстан Республикасы, Шымкент қ.
2АО «Южно-Қазақстанская медицинская академия», Қазақстан Республикасы, Шымкент қ.
Кіріспе. Маршалл ақбасқурайы (Erysimum marschallianum Andrz.) шөбіндегі флавоноидтардың сапалық құрамын жұқа қабатты хроматография (ЖҚХ) әдісімен сәйкестендіру және олардың жалпы мөлшерін УК-спектрофотометрия әдісімен рутинге шаққанда сандық анықтау; өсімдікті биологиялық белсенді заттардың перспективалы көзі ретінде бағалау.
Материалдар мен әдістер. Зерттеу объектісі ретінде Маршалл ақбасқурайы шөбінен алынған 70% сулы-спиртті сығынды пайдаланылды. Флавоноидтарды сапалық анықтау «Сорбфил» ПТСХ-ПА-УФ 10 × 10 см пластинкаларында жүргізілді. Қозғалмалы фаза ретінде этилацетат-құмырсқа қышқылы-су (70:15:17) жүйесі қолданылды. Хроматограммалар 254 нм УК жарықта қаралып, 2% алюминий хлоридінің 95% этил спиртіндегі ерітіндісімен өңделді. Салыстыру үлгілері ретінде рутин, гиперозид және кверцетин қолданылды. Флавоноидтардың жалпы мөлшері «UV-1900i Shimadzu» спектрофотометрінде алюминий хлоридімен комплекстүзілу реакциясы бойынша 415 нм толқын ұзындығында, 10 мм кюветада өлшенді. Сығындылау шарттарын оңтайландыру үшін шикізаттың ұсақталу дәрежесі, экстрагент-шикізат арақатынасы, этанол концентрациясы және экстракция уақыты зерттелді.
Нәтижелер. ЖҚХ әдісімен зерттелетін сығындыда рутин анықталды: оның Rf мәні 0,68 болып, стандартты рутин үлгісінің мәнімен сәйкес келді. Гиперозид (Rf = 0,75) және кверцетин (Rf = 0,80) зерттелетін сығындыдан табылмады. Флавоноидтардың жоғары шығыммен сығындылануына қолайлы жағдайлар: шикізат бөлшектерінің өлшемі 2 мм, экстрагент-шикізат қатынасы 1:20, экстрагент ретінде 70% этил спирті және экстракциялау ұзақтығы 90 минут. УК-спектрофотометриялық талдау нәтижесінде флавоноидтардың рутинге шаққандағы жалпы мөлшері 3,17% құрады; салыстырмалы стандартты ауытқу (RSD) 3,8%, өлшеулер саны – 5.
Талқылау. Бұл зерттеу барысында Маршалл ақбасқурайы (Erysimum marschallianum Andrz.) шөбіндегі флавоноидтардың сапалық және сандық құрамы алғаш рет кешенді түрде зерттелді. ЖҚХ әдісімен алынған нәтижелер сығындыда рутиннің басым екенін дәлелдеді (Rf = 0,68), ал гиперозид пен кверцетин анықталмады. Бұл деректер Erysimum туыстығының басқа өкілдері, атап айтқанда Erysimum cheiri (L.) Crantz (wallflower) туралы шетелдік зерттеулермен сәйкес келеді. Mosleh және т.б. (2021) жариялаған шолу мақалада E. cheiri шөбінен изорамнетин және оның 3,7-дигликозиді, ал гүлдерінен кемпферол табылғаны көрсетілген. Біздің зерттеуімізде рутиннің анықталуы Erysimum туыстығы өсімдіктерінің флавоноидтық профильінде флавонол гликозидтерінің (рутин, изорамнетин туындылары) басым екенін растайды.
Сандық талдау нәтижесінде флавоноидтардың жалпы мөлшері рутинге шаққанда 3,17% құрады, бұл көрсеткіш өсімдікті биологиялық белсенді заттардың перспективалы көзі ретінде бағалауға мүмкіндік береді. Шетелдік әдебиеттерде Erysimum cheiri флавоноидтарға қатысты толық сандық деректер келтірілмеген, дегенмен олардың фитохимиялық құрамында флавоноидтар қосымша топ ретінде қарастырылған. Біздің нәтижелеріміз E. marschallianum түрінің флавоноидтарға бай екенін және оны дәрілік шикізат ретінде қарастыруға болатынын көрсетеді.
Қорытынды. Маршалл ақбасқурайы шөбінде рутиннің болуы дәлелденді және флавоноидтардың жалпы мөлшері 3,17% екені анықталды. Алынған нәтижелер аталған өсімдік шикізатын флавоноидты қосылыстар көзі ретінде стандарттау мен одан әрі фармакогностикалық зерттеуге, сондай-ақ фитопрепараттар әзірлеуге пайдалануға мүмкіндік береді.
Түйінді сөздер: Маршалл ақбасқурайы, рутин, жұқа қабатты хроматография, УК-спектроскопия, дәрілік өсімдік шикізаты.
количество просмотров / 👁 88












