Алынды: 2026 жылғы 04 мамыр
Қабылданды: 2026 жылғы 29 мамыр
Онлайн жарияланды: 2026 жылғы 17 маусым
ӘОЖ 615.322:615.281:582.736
DOI: 10.53511/pharmkaz.2026.3.10
ҚЫЗЫЛ ЖЫҢҒЫЛ (TAMARIX RAMOSISSIMA LEDEB.) ӨСІМДІК ШИКІЗАТЫНЫҢ
ФИТОХИМИЯЛЫҚ ҚҰРАМЫН ЖӘНЕ ОНЫҢ ЭКСТРАКТТАРЫНЫҢ МИКРОБҚА
ҚАРСЫ БЕЛСЕНДІЛІГІН ЗЕРТТЕУ
Даулбаева А.Ө. ¹, Кадырбаева Г.М. ¹, Кожанова К.К. ¹, Pavel Mučaji ², РахымбаевН.А. ¹*, МилисоваН.Б. ¹
¹ С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті , Алматы қ., ҚР
² Коменский университеті, Братислава, Словакия
Кіріспе. Микроорганизмдердің антибиотиктерге төзімділігінің артуы микробқа қарсы жаңа агенттерді іздеуді талап етеді, бұл тұрғыда өсімдік тектес биологиялық белсенді қосылыстар ерекше қызығушылық тудырады. Осы зерттеудің мақсаты – Tamarix ramosissima Ledeb. өсімдік шикізатының фитохимиялық құрамын сандық анықтау және әртүрлі экстракция жағдайларында алынған экстракттардың микробқа қарсы белсенділігін бағалау.
Материалдар мен әдістер. Зерттеу барысында өсімдіктің жер үсті бөліктері қолданылып, флавоноидтар, иілік заттар және гидроксикорич қышқылдарының мөлшері спектрофотометриялық әдістермен анықталды. Экстракттар ультрадыбыстық мацерация және перколяция әдістерімен (50% және 90% этанол) алынды. Микробқа қарсы белсенділік стандартты тест-штаммдарға қатысты микросұйылту әдісімен бағаланып, минималды ингибирлеуші (МИК) және бактерицидтік (МБК) концентрациялар анықталды.
Нәтижелер. Өсімдік шикізаты иілік заттарға (12,90 ± 0,15%), флавоноидтарға (5,45 ± 0,08%) және гидроксикорич қышқылдарына (1,94 ± 0,05%) бай екені анықталды. Зерттелген экстракттар барлық тест-микроорганизмдерге қатысты микробқа қарсы белсенділік көрсетті, ең жоғары сезімталдық Staphylococcus aureus (MSSA және MRSA) штаммдарында байқалды (МИК – 1,25 мг/мл). Грам-теріс бактерияларға қатысты белсенділік төменірек болды.
Талқылау. Алынған нәтижелер Tamarix ramosissima экстракттарының грам-оң бактерияларға, әсіресе Staphylococcus aureus штаммдарына қатысты белсенділігі жоғары екенін көрсетті. Сонымен қатар, экстракция әдісі мен этанол концентрациясы алынған үлгілердің микробқа қарсы белсенділігіне әсер ететіні анықталды.
Қорытынды. Алынған нәтижелер Tamarix ramosissima өсімдік шикізатының полифенолды қосылыстардың перспективалы көзі екенін және оның экстракттары микробқа қарсы агенттерді әзірлеу үшін әлеуетті екенін көрсетеді.
Түйінді сөздер: T. ramosissima, фенолды қосылыстар, флавоноидтар, иілік заттар, антимикробтық белсенділік
количество просмотров / 👁 202












