GEUM ALEPPICUM JACG ӨСІМДІГІ САБАҒЫ МЕН ЖАПЫРАҒЫНЫҢ АНАТОМИЯЛЫҚ ҚҰРЫЛЫМЫН ЗЕРТТЕУ

Алынды: 2026 жылғы 27 сәуір
Қабылданды: 2026 жылғы 08 маусым
Онлайн жарияланды: 2026 жылғы 17 маусым
ӘОЖ: 615.32:582.734+581.8
DOI: 10.53511/pharmkaz.2026.3.12

GEUM ALEPPICUM JACG ӨСІМДІГІ САБАҒЫ МЕН ЖАПЫРАҒЫНЫҢ
АНАТОМИЯЛЫҚ ҚҰРЫЛЫМЫН ЗЕРТТЕУ

Кунтубек Г.Н. ¹, Кожанова К.К. ¹, Момбеков С.Е. ¹, Мухамедсадыкова А.Ж. ¹, Қыдырбай Б.Т. ¹
¹ С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті, Алматы, Қазақстан

Кіріспе. Раушангүлділер (Rosaceae) тұқымдасына жататын Geum aleppicum Жапония, Қытай, Моңғолия, Сібір және Қазақстанның таулы аймақтарында кең таралған, алайда оның фармакологиялық және фитохимиялық қасиеттері жеткілікті зерттелмеген. Дәстүрлі медицинада бұл түр асқазан-ішек және қабыну ауруларын емдеуде қолданылып, микробқа қарсы, антиоксиданттық және басқа да биологиялық белсенділіктерімен сипатталады.
Құрамындағы фенолды қосылыстар мен органикалық қышқылдар оның фармацевтикалық әлеуетін негіздеп, ресми медицинада қолдану перспективаларын айқындайды.

Материалдар мен әдістер. Анатомиялық және диагностикалық белгілер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Фармакопеясының «Дәрілік өсімдік шикізатын микроскопиялық және микрохимиялық зерттеу техникасы» атты мақаласына сәйкес дайындалған микропрепараттарда зерттелді. Деформацияны болдырмау үшін жаңа жиналған шикізат глицерин–этанол–су (1:1:1) жүйесінде фиксацияланды. Үлгілерді суда термиялық жұмсартқаннан кейін спирт–су–глицерин (1:1:1) қоспасымен мацерациялады. Оптикалық мөлдірлікті арттыру
үшін фрагменттер хлоралгидрат немесе глицерин ерітіндісіне орналастырылып, препаровальды құралдармен екі беті (адаксиальды және абаксиальды) бойынша ажыратылды. Анатомиялық кесінділер ТОС-2 мұздатқыш микротомында әзірленіп, жапқыш шыны астындағы ауа көпіршіктері термиялық айдалды. Микроскопиялық сараптама мен фотофиксация МС-300 (MICROS, Австрия) цифрлық оптикалық жүйесінде орындалды. Биометриялық өлшеулер бес еселік қайталанымда жүргізіліп, деректер Microsoft Excel және STATISTICA 13.3
бағдарламаларында статистикалық өңделді.

Нәтижелер. Geum aleppicum өсімдігінің жапырағы мен сабағына жүргізілген анатомиялық-биометриялық талдау барысында олардың микроскопиялық диагностикалық белгілері анықталды. Жапырақтың дорсовентарльды құрылымы айқындалып, жоғарғы эпидермис қалыңдығы 13,76± 2,96 мкм, төменгі эпидермис 24,64 ±13,68 мкм, ал борпылдақ мезофилл қабаты 136,67±18,43 мкм құрады. Устьицелер негізінен төменгі бетте эллиптикалық пішінді және аномоцитті типті болып орналасқан (1 мм2 аудандағы устьицелердің саны – 80 ). Жапырақ пен сабақ бетінде қарапайым және безді трихомалар нақтыланып, өткізгіш шоқтар маңында, алғашқы қабық пен өзек паренхимасында кальций оксалатының друзалары мен ірі
идиобласт жасушаларының шоғырлану заңдылықтары дәлелденді. Сабақтың көлденең кесіндісінен цилиндр пішінді шоқ тәрізді құрылыс байқалды. Оның эпидерма қалыңдығы 18,22±4,37 мкм, алғашқы қабық паренхимасы 129,77±9,89 мкм, ал орталық цилиндрдегі 16–17 дана ашық биколлатеральды өткізгіш шоқтардың орташа диаметрі 90,29±1,64 мкм (сыртқы жағынан қабырғасы 3,23±0,82 мкм болатын 6–7 қатарлы склеренхимамен бекітілген) екені статистикалық тұрғыдан нақты көрсетілді.

Талқылау. Geum aleppicum Jacq жапырағының дорсовентральды типі, устьицелердің негізінен төменгі эпидермисте орналасуы және олардың аномоциттік типі түрдің негізгі диагностикалық белгілері болып табылады. Өсімдік мүшелерінде трихомалардың, идиобласттардың және кальций оксалаты друзаларының болуы оның өзіндік қорғаныш құрылымдарының даму деңгейін көрсетеді. Сабақ құрылысында механикалық беріктікті қамтамасыз ететін жақсы дамыған өткізгіш шоқтар мен идиобласттарға бай паренхима ұлпасы анықталды.
Жалпы зерттеу нәтижелері бұл түрдің мезофитті ортаға бейімделген анатомиялық ерекшеліктерін сипаттайды және бұл көрсеткіштер өсімдік шикізатын стандарттауда маңызды диагностикалық критерийлер болып табылады.

Түйінді сөздер: алеп шыршайы, Geum aleppicum Jacq, сабақ, жапырақ анатомиялық белгілер, өсімдік шикізатын идентификациялау, микроскопия.

количество просмотров / 👁 209

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған