Алынды: 05.05.2026
Қабылданды: 01.06.2026
Онлайн жарияланды: 17.06.2026
ӘОЖ: 615.322:577.19
DOI: 10.53511/pharmkaz.2026.3.13
ҚАСҚАСУ ЖӘНЕ ЫНТЫМАҚ АЙМАҚТАРЫНДА МӘДЕНІ ӨСІРІЛГЕН ДӘРІЛІК
МЕЛИССА ШӨБІНІҢ БИОЛОГИЯЛЫҚ БЕЛСЕНДІ
ЗАТТАРЫНЫҢ ҚҰРАМЫН АНЫҚТАУ
Умарова Д.А. ¹, Орынбасарова К.К. ¹, Рахманова Г.С. ¹, Турсубекова Б.И. ², Пернебекова Р.К. 1,3
¹ «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ, Шымкент қ., Қазақстан Республикасы.
² М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Шымкент қ., Қазақстан Республикасы.
³ Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Туркестан қ., Қазақстан Республикасы
Кіріспе. Дәрілік мелисса (Melissa officinalis) өз терапевтік қасиеттері, мысалы, тыныштандыратын, антиоксиданттық, антимикробтық және вирусқа қарсы әрекет етуі арқасында дәстүрлі және заманауи медицинада кеңінен қолданылады. Алайда, оның негізінде дайындалған препараттардың тиімділігі мен қауіпсіздігі тікелей химиялық құрамын және биологиялық белсенді заттардың концентрациясын білуге байланысты. Фитотерапияға
және табиғи биологиялық белсенді қосылыстардың көздеріне қызығушылықтың артуын ескере отырып, мелиссаның химиялық құрамын зерттеу өте маңызды болып табылады. Сонымен қатар, өсімдік шикізаты құрамындағы айтарлықтай аймақтық және экологиялық айырмашылықтар қоршаған орта факторларының негізгі компоненттерге, мысалы, эфир майлары, флавоноидтар және фенол қышқылдарына әсерін тереңірек зерттеуді талап етеді.
Мақсаты – Түркістан облысындағы Каскасу және Ынтымак аймақтарында өсірілген мелисса дәрілік шөбінің биологиялық белсенді заттарының химиялық құрамын салыстырмалы талдау жасау.
Әдістер. Зерттеу нысаны ретінде 2024 жылдың маусым айында гүлдеу кезеңінде Түркістан облысының Қасқасу және Ынтымақ аймақтарында өсіріліп жиналған дәрілік мелиссаның жерүсті бөлігі пайдаланылды. Биологиялық белсенді заттарды бөліп алу және олардың құрамын анықтау барысында келесі әдістер қолданылды: химиялық идентификациялық реакциялар, перганометриялық талдау әдісі, радионуклидтердің мөлшерін анықтау, ГХ-МС және ЖЭСХ. Аталған тәсілдер эфир майлары, флавоноидтар және гидролизденетін илік заттар сияқты негізгі белсенді компоненттерді анықтауға мүмкіндік берді. Биологиялық белсенді қосылыстарды анықтау үшін ҚР Мемлекеттік фармакопеясының I және III томдарының әдістемелері қолданылды.
Нәтижелер. Экстрактивті заттарды анықтау барысында Қасқасу және Ынтымақ аймақтарында өсірілген дәрілік мелисса үшін бір реттік және екі реттік экстракция кезінде оңтайлы экстрагент анықталды. Сапалық реакциялар жүргізу нәтижесінде келесі биологиялық белсенді заттар анықталды: эфир майлары, флавоноидтар және илік заттар. Эфир майлары сапалық реакциялар арқылы анықталды, ал гидролизденетін илік заттардың сандық мөлшері перманганометриялық әдіспен белгіленді. Сонымен қатар, эфир майларының сандық құрамы ГХ-МС әдісімен анықталды. Дәрілік мелисса шөбіндегі флавоноидтардың сандық мөлшері ЖЭСХ әдісі арқылы зерттелді. Сондай-ақ Қасқасу және Ынтымақ аймақтарындағы топырақ пен өсімдік шикізатындағы радионуклидтердің мөлшерін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілді.
Талқылау: Зерттеу нәтижелері Қасқасу және Ынтымақ аймақтарында өсірілген Melissa officinalis шөбінің биологиялық белсенді заттардың перспективалы көзі екенін көрсетті. Зерттелген үлгілерден эфир майлары, флавоноидтар және илік заттар анықталды, ал екі реттік экстракция кезінде ең тиімді экстрагент ретінде 70% этил спирті белгіленді. Өсу жағдайлары жекелеген қосылыстардың сандық құрамына айтарлықтай әсер ететіні анықталды. Қасқасу
үлгісіндегі илік заттардың мөлшері 4,22%, ал Ынтымақ үлгісінде 3,16% құрады. Осындай үрдіс флавоноидтарда, соның ішінде кверцетинде де байқалды, оның мөлшері Қасқасу үлгісінде жоғары болды. Эфир майларының ГХ-МС талдауы екі үлгінің сапалық құрамы ұқсас екенін көрсетті. Негізгі компоненттер ретінде α-терпиолен, γ-терпинен, (+)-4-карен және D-лимонен анықталды, бұл өсімдіктің химиялық профилі өсіру аймағына тәуелсіз салыстырмалы түрде тұрақты екенін дәлелдейді. Радионуклидтерді анықтау нәтижелері зерттелген нуклидтердің меншікті белсенділігі мен интегралды радиоактивтік индексі табиғи фонның рұқсат етілген деңгейінен аспайтынын көрсетті. Осылайша, өсіру аймағы негізінен биологиялық белсенді заттардың сандық құрамына әсер етеді, ал олардың сапалық құрамы салыстырмалы түрде тұрақты болып қалады.
Қорытынды. Алынған нәтижелер мелисса дәрілік шөбінің шикізат базасын кеңейту үшін негіз болып табылады.
Түйінді сөздер: дәрілік мелисса, экстрактивті заттар, биологиялық белсенді заттар, эфир майлары, сапалық реакциялар, радионуклидтер, ГХ-МС, ВЭЖХ.
количество просмотров / 👁 208












