Алынды: 31.07.2026
Қабылданды: 13.08.2026
Онлайн жарияланды: 21.08.2026
ӘОЖ: 615.1:005.1:502.131.1.
DOI: 10.53511/pharmkaz.2026.4.9
ҰТЫМДЫ МЕНЕДЖМЕНТ НЕГІЗІНДЕ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ БИЗНЕСТІҢ ТҰРАҚТЫ ДАМУЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
БубешоваМ.С. 1, Шертаева К.Д. 1, Өтегенова Г.И. 1,
Өмірзақова Г.Ж. 1, СерикбаеваЭ.А. 2
1 «Оңтүстік -Қазақстан медицина академиясы» ААҚ, Шымкент қ., Қазақстан Республикасы.
2С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» КЕАҚ, Қазақстан, Алматы
Өзектілігі. Қазіргі танда Қазақстандағы фармацевтикалық нарықты дамытудың негізгі тенденцияларына мемлекеттік қолдау аясында отандық өндірістегі дәрі-дәрмектер өндірісінің тұрақты өсуі, генериктердің нарықтағы үлесінің артуы, онлайн-өткізудің дамуы, инновациялық дәрі-дірмектерге басымдық беру және мемлекеттік реттеудін қатандауы жатады. Сонымен бірге, бұл салаға таныс қиындықтар тән: білікті кадрлардың тапшылығы, инновациялық дәрілердің жоғары бағасы және жалған өнімдердің нарыққа шығу қауіпі. Бұл фармацевтикалық компаниялардың тұрақтылығы мәселесін ерекше өзекті етеді
Зерттеудің мақсаты: Фармацевтикалық ұйымдардың тұрақты даму факторларын зерделеу және жүйелеу, сондай-ақ ұтымды басқару қағидаттарына негізделген олардың тұрақты дамуының ұйымдастырушылық-экономикалық тетігінің тұжырымдамалық моделін әзірлеу.
Материал мен әдістер: Ғылыми әдебиеттерге, нормативтік құжаттарға және салалық есептерге талдау жүргізілді. Қазақстан (n=72), Ресей (n=86), Беларусь (n=67) және Қырғызстандағы (n=48) фармацевтикалық ұйымдар мен дәріханалардың 273 менеджерінің қатысуымен көлденең сауалнамалық зерттеу жүргізілді. Сауалнама 2024 жылғы қаңтардан 2025 жылғы маусымға дейін жүргізілді. Сандық деректер сипаттамалық статистика әдістерімен өңделіп, абсолюттік (n) және салыстырмалы (%) көрсеткіштер түрінде ұсынылды. Ашық сұрақтарға берілген жауаптарға сапалық контент-талдау жүргізілді.
Нәтижелер. Зерттеуге фармацевтикалық және дәріханалық ұйымдардың 273 басшысы қатысты: Қазақстаннан (72; 26,4%), Ресейден (86; 31,5%), Беларусьтен (67; 24,5%) және Қырғызстаннан (48; 17,6%). Басқару тәсілдерін типологиялық бағалау нәтижесінде респонденттердің 123-і (45%) стратегиялық басқарудың даму деңгейі төмен және заманауи басқару әдістерін шектеулі қолдану сипаттарына ие топқа жататыны, ал 14 респонденттің (5%) екі көрсеткіш бойынша да жоғары деңгей көрсеткені анықталды. Сауалнама нәтижелерін ғылыми әдебиеттер мен нормативтік құжаттарды талдаумен ұштастыру арқылы фармацевтикалық ұйымның тұрақты дамуына арналған ұйымдастырушылық-экономикалық тетіктің тұжырымдамалық моделі әзірленді.
Талқылау. Зерттеу нәтижелері фармацевтикалық ұйымдардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін стратегиялық басқаруды қаржылық, логистикалық, кадрлық, маркетингтік, экологиялық және инновациялық бағыттармен интеграциялау қажеттілігін көрсетеді. Басқару тәсілдерінің анықталған құрылымы стратегиялық жоспарлауды жетілдіру және заманауи басқару құзыреттерін дамыту қажеттілігін көрсетеді. Ұсынылған ұйымдық-экономикалық тетік фармацевтикалық ұйымдардың тұрақты дамуын жүйелі басқарудың тұжырымдамалық негізі ретінде қарастырылуы мүмкін, алайда одан әрі практикалық апробацияны қажет етеді.
Қорытынды. Зерттеу фармацевтикалық ұйымдардың тұрақты дамуына әсер ететін факторларды жүйелеуге және ұтымды менеджменттің негізгі бағыттарын біріктіретін ұйымдық-экономикалық тетікті қалыптастыруға мүмкіндік берді. Ұсынылған тетік тұжырымдамалық сипатқа ие және одан әрі практикалық апробацияны қажет етеді.
Түйінді сөздер. тұрақты даму, фармацевтикалық ұйым, стратегиялық басқару, ұтымды менеджмент, ұйымдық-экономикалық тетік.













