Алынды: 16.05.2026
Қабылданды: 06.08.2026
Онлайн жарияланды: 21.08.2026
ӘОЖ: 615.12:614.2:004.67
DOI: 10.53511/pharmkaz.2026.4.4
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЦИФРЛЫҚ ҚАДАҒАЛАУДЫҢ ЖҮЙЕЛІК ТӘУЕКЕЛДЕРІНІҢ ИНДИКАТОРЫ РЕТІНДЕ ДӘРІЛІК ЗАТТАРДЫ АЙНАЛЫМНАН ҚАЙТА ШЫҒАРУ
Аколбекова Д.А.,¹Ахелова Ш.Л.,¹ Арыстанов Ж.М.¹
¹ «Астана медицина университеті» КЕАҚ, Астана қ., Қазақстан
Кіріспе. Денсаулық сақтау жүйесінің цифрлық трансформациясы жағдайында Қазақстан Республикасы дәрілік заттар айналымының ашықтығын қамтамасыз ету амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету жүйесінің тиімділігін арттырудың негізгі құралдарының біріне айналуда. Осыған байланысты дәрілік заттарды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесіндегі аномальды операцияларды талдау ерекше маңызға ие, өйткені бұл ұйымдастырушылық, ақпараттық және экономикалық тәуекелдерді анықтауға мүмкіндік береді.
Зерттеудің мақсаты. Қазақстан Республикасының цифрлық қадағалау жүйесіндегі дәрілік заттарды айналымнан қайта шығару жағдайларын талдау және олардың денсаулық сақтау жүйесіндегі жүйелік тәуекелдердің индикаторы ретіндегі маңызын анықтау.
Материалдар мен әдістер. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде дәрілік заттардың цифрлық таңбалау жүйесіндегі қозғалыс операцияларына ретроспективті аналитикалық зерттеу жүргізілді. Зерттеуге Қазақстан Республикасының барлық өңірлеріндегі бөлшек сауда субъектілерінің 2025 жылғы 1 шілде мен 2026 жылғы 30 сәуір аралығындағы деректері енгізілді. Зерттеуде құрылымдық, салыстырмалы, статистикалық және тәуекелге бағдарланған талдау әдістері қолданылды.
Нәтижелер. Зерттеу нәтижелері бойынша ықтимал экономикалық залал 20,74 млн теңгені, ал дәрілік заттарды айналымнан қайта шығару операцияларының жиынтық құны 31,74 млн теңгені құрады. Аномалиялардың ең жоғары жиілігі Түркістан облысында, Алматы қаласында, Жамбыл және Алматы облыстарында тіркелді. Ең жоғары қаржылық тәуекел Алматы және Астана қалаларында, сондай-ақ Түркістан облысында анықталды. Аномальды операциялардың негізгі көлемі созылмалы инфекциялық емес ауруларды емдеуде қолданылатын кең таралған дәрілік заттармен ассоциацияланғаны көрсетілді. Аномалиялардың қалыптасуына ықтимал әсер ететін негізгі факторлар ретінде ақпараттық жүйелердегі операциялардың қайталануы, деректерді синхрондаудың бұзылуы және автоматтандырылған форматтық-логикалық бақылаудың болмауы анықталды.
Талқылау. Зерттеу нәтижелері дәрілік заттарды айналымнан қайта шығару жағдайларының негізінен цифрлық қадағалау жүйесінің жұмыс істеу ерекшеліктерімен, атап айтқанда операциялардың қайталануымен, деректерді синхрондаудың бұзылуымен және автоматтандырылған форматтық-логикалық бақылаудың жеткіліксіздігімен байланысты екенін көрсетті. Бұл анықталған аномалияларды денсаулық сақтау жүйесіндегі жүйелік тәуекелдердің маңызды индикаторы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Қорытынды. Дәрілік заттарды айналымнан қайта шығару денсаулық сақтау жүйесіндегі жүйелік тәуекелдердің маңызды цифрлық индикаторы ретінде қарастырылуы мүмкін. Алынған нәтижелер тәуекелге бағдарланған мониторингті енгізу, ақпараттық жүйелер арасындағы интеграцияны күшейту және дәрілік заттар айналымындағы бақылау рәсімдерін автоматтандыру қажеттілігін негіздейді.
Түйінді сөздер: цифрлық таңбалау, дәрілік заттар, қадағалау, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету, фармацевтикалық аудит, тәуекелге бағдарланған бақылау, Қазақстан Республикасы
количество просмотров / 👁 32












