Алынды: 08.05.2026
Қабылданды: 10.08.2026
Онлайн жарияланды: 21.08.2026
ӘОЖ: 615.454.1
DOI: 10.53511/pharmkaz.2026.4.14
ТРАНСДЕРМАЛЬДЫ ТЕРАПЕВТІК ЖҮЙЕЛЕР ҰЗАРТЫЛҒАН ӘСЕРДІҢ ПЕРСПЕКТИВАЛЫ ДӘРІЛІК НЫСАНЫ РЕТІНДЕ
Бейсеева Ш.Н.,1* Серикбаева Э.А.,1 Торланова Б.О.2,
Жакипбеков К.С.1, Устенова Г.О.1
1«С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» КЕАҚ
Алматы, Қазақстан Республикасы
2 «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ, Шымкент, Қазақстан Республикасы
Кіріспе. Трансдермальді терапевтік жүйелер (ТТЖ) – әсер етуші заттың тері арқылы ұзақ уақыт бойы бақыланатын жеткізілуін қамтамасыз ететін дәрілік нысандар. Дәрілік зат концентрациясының салыстырмалы тұрақтылығын сақтау, қолдану жиілігін азайту және бауыр арқылы алғашқы өту әсерінің болмауы ТТЖ-ға ұзақ мерзімді фармакотерапияның перспективалы технологиясы ретінде қызығушылықты арттырады. ТТЖ әзірлеудің заманауи фармацевтикалық және технологиялық тәсілдерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының фармацевтикалық нарығындағы осы сегменттің жағдайын бағалау өзекті болып табылады.
Мақсаты. Трансдермальді терапевтік жүйелердің ұзартылған әсер ететін перспективалы дәрілік нысан ретіндегі фармацевтикалық және технологиялық ерекшеліктеріне шолу жасау, олардың даму үрдістері мен Қазақстан Республикасының фармацевтикалық нарығындағы ұсынылуын бағалау.
Материалдар мен әдістер. PRISMA 2020 қағидаттарына сәйкес жарияланымдарды іріктеу үдерісі көрсетілген жүйелендірілген әдеби іздеуді қамтитын шолу-талдамалық зерттеу жүргізілді. Ғылыми әдебиеттерді іздеу 2026 жылғы қаңтар–маусым аралығында Scopus, Web of Science Core Collection, PubMed/MEDLINE, ScienceDirect және Google Scholar дерекқорларында жүргізілді. 2015–2026 жылдары ағылшын және орыс тілдерінде жарияланған, ТТЖ құрамы, өндіру технологиясы, жіктелуі, тиімділігі, қауіпсіздігі және трансдермальді жеткізуді жетілдіру технологияларына арналған еңбектер қарастырылды. Алғашқы іздеу нәтижесінде 98 жарияланым анықталды; 46 қайталанатын жазба жойылғаннан кейін 52 мақала қалды, скрининг барысында 18 жарияланым алынып тасталды, 34 толық мәтінді жұмыс бағаланып, оның 6-уы іріктеу критерийлеріне сәйкес келмеді. Қорытынды сапалық талдауға 28 жарияланым енгізілді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының дәрілік заттар мемлекеттік тізілімі мен фармацевтикалық нарық туралы қолжетімді деректер талданды.
Нәтижелер. ТТЖ әсер етуші заттың бақыланатын босап шығуын қамтамасыз ететіні және ұзақ мерзімді фармакотерапия кезінде оның концентрациясының ауытқуын төмендетуге мүмкіндік беретіні анықталды. Негізгі артықшылықтары — ұзартылған әсер, қолдану жиілігінің төмендеуі, жүйені алып тастау арқылы терапияны тоқтату мүмкіндігі және бауыр арқылы алғашқы өту әсерінің болмауы. Трансдермальді жеткізудің тиімділігін арттырудың перспективалы технологияларына пенетранттар, ионофорез, сонофорез, микроинелі жүйелер және in silico модельдеу жатады. Әлемдік нарықта скополамин, метилфенидат, бупренорфин және гормондық препараттарды қамтитын жүйелік ТТЖ-мен қатар жергілікті әсер ететін дәрілік пластырьлар да ұсынылған. Қазақстан нарығын талдау жүйелік ТТЖ ассортиментінің шектеулі және өнімдердің басым бөлігінің импорттық екенін көрсетті. Жүйелік дәрілік нысандар арасында никотин, фентанил, эстрадиол және ривастигмин, ал жергілікті әсер ететін пластырьлар арасында диклофенак, кетопрофен және лидокаин ұсынылған.
Талқылау. Алынған нәтижелер ТТЖ-ның дәрілік заттарды ұзақ және бақыланатын жеткізу технологиясы ретіндегі жоғары әлеуетін көрсетеді. Сонымен бірге олардың дамуы терінің өткізгіштігіне, белсенді зат пен полимерлік матрицаны таңдауға, адгезиялық қасиеттерге, қауіпсіздікке және өнеркәсіптік өндіру технологиясына қойылатын талаптармен шектеледі. Қазақстан нарығында жүйелік ТТЖ-ның шектеулі ұсынылуы және импорттық өнімдердің басымдығы отандық фармацевтикалық технологияларды дамыту үшін перспективалы бағыт қалыптастырады.
Қорытынды. Трансдермальді терапевтік жүйелер ұзартылған және бақыланатын әсері бар перспективалы дәрілік нысан болып табылады. Олардың одан әрі дамуы полимерлік матрицаларды жетілдірумен, тері өткізгіштігін күшейтетін заттар мен физикалық жеткізу әдістерін, микроинелі технологияларды және in silico модельдеуді қолданумен байланысты. Қазақстан үшін отандық ТТЖ әзірлеу және өндірісін жергіліктендіру, олардың ассортиментін кеңейту және фармацевтикалық нарықтың импортқа тәуелділігін төмендету перспективалы бағыт болып табылады.
Түйінді сөздер: трансдермальді терапевтік жүйелер; трансдермальді пластырьлар; ұзартылған дәрілік нысандар; бақыланатын босап шығу; дәрілік заттарды жеткізу; фармацевтикалық технология; микроинелі жүйелер; in silico модельдеу.
количество просмотров / 👁 27












