Алынды: 17 тамыз 2026 ж.
Қабылданды: 08 қазан 2026 ж.
Онлайн жарияланды: 30 қазан 2026 ж.
ӘОЖ: 615.477.66
DOI: 10.53511/pharmkaz.2026.5.10
Мақала түрі: Шолу мақаласы
ЗАМАНАУИ ПЛАСТЫРЬ ЖҮЙЕЛЕРІ: ӘЗІРЛЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ, ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ СИПАТТАМАЛАРЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ТІРКЕЛГЕН ӨНІМДЕР АССОРТИМЕНТІН ТАЛДАУ
Утегенов Ш.П.1, Кожанова К.К.1, Тлеубаева М.И.1,
Сатмбекова Д.К.2, Хамитова А.Е.1, Нокербек Ш.3
1«С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» КеАҚ,
Қазақстан Республикасы, Алматы қ.
2«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» КеАҚ, Қазақстан Республикасы, Алматы қ.
3«Kelun-Kazpharm» ЖШС, Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Көкөзек ауылы
Кіріспе. Мақала дәрілік заттарды жергілікті және трансдермальды жеткізу үшін қолданылатын заманауи медициналық пластырьларға шолу жасауға арналған. Пластырьлардың негізгі түрлері, қолданылатын материалдар, олардың дамуының қазіргі бағыттары қарастырылып, сондай-ақ Қазақстан Республикасының фармацевтикалық нарығында ұсынылған пластырьлар ассортиментіне талдау жүргізілді.
Мақсаты. Медициналық пластырьлар, оларды дайындауда қолданылатын материалдар, конструкциялық және технологиялық ерекшеліктері, әзірлеу мен қолданудың заманауи бағыттары туралы ғылыми деректерді жүйелеу және салыстырмалы бағалау, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тіркелген пластырьлар ассортиментінің құрылымына талдау жүргізу.
Материалдар мен әдістер. PubMed, Scopus және Google Scholar дерекқорларында әдебиеттерді іздеу арқылы ғылыми жарияланымдарға нарративті шолу жүргізілді. Негізгі іздеу кезеңі 2016-2026 жылдарды қамтыды. Бұдан ертерек жарияланған нормативтік және фармакопеялық дереккөздер тек терминология мен реттеуші контекстті анықтау үшін енгізілді. Сонымен қатар 02.10.2026 ж. жағдай бойынша Қазақстан Республикасының дәрілік заттардың мемлекеттік тізілімі мен медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізіліміне бөлек талдау жүргізілді.
Нәтижелері. Заманауи пластырьлық технологиялар мақсаты мен реттеуші мәртебесі бойынша едәуір ерекшеленеді және жергілікті, трансдермальды әсер ететін дәрілік пластырьларды, медициналық бұйымдар мен жара жабындарын, тері желімдерін, микроинелі жүйелерді, 3D-басып шығарылған және электрондық сенсорлық платформаларды қамтиды. Дәрілік заттардың мемлекеттік тізілімінде «медициналық пластырь», «пластырь», «трансдермальды пластырь» және «пластырь-трансдермальды терапиялық жүйе» дәрілік түрлері бойынша 13 саудалық атау анықталды. Медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізілімінде «пластырь» сұрауы бойынша 169 тіркеу позициясы (n=169) анықталды, оның 19-ы (11%) отандық, 150-і (89%) шетелдік өндіріс. Барлық медициналық бұйымдардың ішінде ең көп позиция Қытайға – 38/169 (22%), Ресейге – 26/169 (15%) және Түркияға – 19/169 (11%) тиесілі.
Талқылау. Клиникалық дайындық деңгейі дәстүрлі бекіткіш, бактерицидтік және тіркелген трансдермальды жүйелерде жоғары. Микроинелі, 3D-басып шығарылған және электрондық «ақылды» платформалардың едәуір бөлігі доклиникалық немесе ерте клиникалық кезеңде қалып отыр. Олардың ықтимал артықшылықтарын қауіпсіздік, тұрақтылық, өндірісті ауқымын кеңейту мүмкіндігі, сипаттамалардың қайталанғыштығы және реттеуші талаптар тұрғысынан бағалау қажет.
Қорытынды. Заманауи пластырь технологиялары мақсаты, құрылымы, әсер ету механизмі, қолданылатын материалдары және реттеушілік мәртебесі бойынша ерекшеленетін дәрілік түрлердің, медициналық бұйымдардың және перспективалы технологиялық жүйелердің біртекті емес тобын құрайды. Ғылыми әдебиеттерге жүргізілген талдау бұл бағыттың дамуы полимерлік және адгезивтік материалдарды жетілдірумен, гидрогельдік және биоыдырайтын жүйелерді жасаумен, микроинелік технологияларды, 3D-басып шығаруды қолданумен және сенсорлық компоненттерді интеграциялаумен байланысты екенін көрсетті.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тізілімін талдау зерттелген пластырьлар ассортиментінде шетелдік өндірістегі медициналық бұйымдардың басым екенін және отандық өнімдердің шектеулі деңгейде ұсынылғанын көрсетті. Отандық ассортиментті кеңейту медициналық қажеттілікті, технологиялық және экономикалық іске асырылу мүмкіндігін жеке бағалауды талап етеді.
Түйінді сөздер: медициналық пластырьлар, трансдермальды пластырьлар, жаралар, кесілген жарақаттар, гидрогельдер, 3D-басып шығару, сұйық пластырьлар, адгезивті материалдар, полимерлі материалдар.
количество просмотров / 👁 67












