Алынды: 14.05.2026
Қабылданды: 06.08.2026
Онлайн жарияланды: 21.08.2026
ӘОЖ: 615.1:004.8.
DOI: 10.53511/pharmkaz.2026.4.5
ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ ЖЕТКІЗУ ТІЗБЕГІНДЕГІ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР: БИБЛИОМЕТРИЯЛЫҚ ТАЛДАУМЕН ЗЕРТТЕУ САЛАСЫНА ШОЛУ
Жалгаскали Арыстанов1, Гульден Жалбирова1, Екатерина Зупанец2, Зару Капасова1, Сауле Килибасова1, Галия Аипова1
1«Астана Медицина Университеті» КеАҚ, Астана, Қазақстан
2MEDICE Arzneimittel Pütter GmbH & Co. KG
Кіріспе. Жасанды интеллекттің (ЖИ) және цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы фармацевтикалық жеткізу тізбектерін трансформациялап, ашықтықты, қадағалануды, операциялық тиімділікті және шешім қабылдау сапасын арттыруда. Блокчейн, Заттар интернеті (IoT), үлкен деректер аналитикасы және ЖИ сияқты технологиялар дәрілік заттар тапшылығы, суық тізбекті бақылау, қорларды басқару және жеткізу тізбектерінің тұрақтылығы мәселелерін шешу мақсатында фармацевтикалық логистикаға белсенді енгізілуде.
Мақсаты. Осы зерттеудің мақсаты – фармацевтикалық жеткізу тізбектерінде ЖИ мен цифрлық технологияларды қолдану бойынша ғылыми әдебиеттерді талдау, сондай-ақ scoping review және библиометриялық талдау негізінде негізгі ғылыми бағыттарды, тақырыптық салаларды және зерттеу олқылықтарын анықтау.
Әдістері. Зерттеу PRISMA 2020 ұсынымдарына сәйкес scoping review форматында жүргізілді. Ғылыми жарияланымдарды іздеу 2010–2025 жылдар аралығында Scopus, PubMed және Web of Science дерекқорларында жүргізілді. Библиометриялық талдау VOSviewer және Biblioshiny бағдарламалары арқылы орындалып, жарияланым белсенділігі, кілт сөздердің бірлескен кездесуі, тақырыптық кластерлер және цифрлық технологиялар арасындағы өзара байланыстар бағаланды.
Нәтижелері. Қорытынды шолуға 80 ғылыми жарияланым енгізілді. Библиометриялық талдау фармацевтикалық жеткізу тізбектерінің цифрлық трансформациясына арналған зерттеулер санының айтарлықтай өскенін көрсетті. Негізгі тақырыптық кластерлер жасанды интеллектпен, блокчейнмен, IoT, суық тізбекті мониторингтеумен, цифрлық қадағалаумен және жеткізу тізбектерін оңтайландырумен байланысты болды. ЖИ болжамдық аналитика, сұранысты болжау және логистикалық процестерді оңтайландыру мүмкіндіктеріне байланысты ең жылдам дамып келе жатқан бағыттардың бірі ретінде анықталды. Сонымен қатар, деректердің фрагментациясы, интероперабельділік мәселелері, нақты тәжірибелік зерттеулердің жеткіліксіздігі және мамандардың цифрлық құзыреттерінің төмендігі сияқты негізгі кедергілер анықталды.
Талқылау. Зерттеу нәтижелері жасанды интеллектті табысты енгізу басқа цифрлық технологиялармен интеграцияны, сенімді деректердің қолжетімділігін және фармацевтикалық жеткізу тізбегінің мамандарының жеткілікті цифрлық құзыреттерін талап ететінін көрсетті.
Қорытынды. Зерттеу нәтижелері ЖИ-ді жеке технология ретінде емес, интеграцияланған цифрлық экожүйенің орталық компоненті ретінде қарастыру қажеттігін көрсетті. Фармацевтикалық жеткізу тізбектерін тиімді цифрлық трансформациялау ЖИ, IoT, блокчейн және деректерді интеграциялау платформаларын кешенді енгізуді талап етеді. Болашақ зерттеулер практикалық енгізу модельдерін, интероперабельділік стандарттарын және мамандардың цифрлық дайындығын дамытуға бағытталуы тиіс.
Түйінді сөздер. Жасанды интеллект; фармацевтикалық жеткізу тізбектері; цифрлық технологиялар; блокчейн; Заттар интернеті (IoT); фармацевтикалық логистика; дәрілік қамтамасыз ету; суық тізбек; библиометриялық талдау; цифрлық трансформация; қадағаланушылық.
количество просмотров / 👁 27












