АДАМ БРУЦЕЛЛЕЗІНЕ ҚАРСЫ РЕКОМБИНАНТТЫ ВЕКТОРЛЫҚ ВАКЦИНАНЫ ӨНЕРКӘСІПТІК ӨНДІРУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ӘЗІРЛЕУ

Алынды: 09 қазан 2026 ж.

Қабылданды: 12 қазан 2026 ж.

Онлайн жарияланды: 30 қазан 2026 ж.

ӘОЖ: 615.371:616.98:579.841.93

DOI: 10.53511/pharmkaz.2026.5.8

Мақала түрі: Түпнұсқалық ғылыми мақала

 

АДАМ БРУЦЕЛЛЕЗІНЕ ҚАРСЫ РЕКОМБИНАНТТЫ ВЕКТОРЛЫҚ ВАКЦИНАНЫ ӨНЕРКӘСІПТІК ӨНДІРУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ӘЗІРЛЕУ

 

Ахметсадыков Н.Н.¹, Зикибаева К.Б.¹, Нурмухамбетова А.Б.¹, Иманбекова Т.А.¹, Шанбаев Б.У.¹, Абекова А.О.¹, Сванбаев А.А.¹, Нуролда Е.¹, Рахим М.А.¹, Жапаркулова К.А.², Қосылғанова А.Е.², Атаканова А.А.², Мухитденова А.М.², Червякова О.В.3 

¹ «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Абай ауылы, Алматы облысы, Қазақстан

² «С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы, Алматы, Қазақстан

³ Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты, «QazBioPharm» ұлттық холдингі, Гвардейский кенті, Жамбыл облысы, Қазақстан

 

Кіріспе. Рекомбинантты вирустық векторлық вакциналарды әзірлеу технологиялық процестің критикалық параметрлері мен дайын дәрілік препарат сапасы көрсеткіштерінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін қайталанымды және ауқымдалатын өндірістік технологияларды құруды талап етеді. Адам бруцеллезіне қарсы кандидаттық вакциналарды әзірлеуде елеулі жетістіктерге қол жеткізілгеніне қарамастан, оларды өнеркәсіптік өндіру процестері әлі де жеткілікті зерттелмеген.

Мақсаты. Рекомбинантты каприпоксвирус негізінде адам бруцеллезіне қарсы рекомбинантты векторлық вакцинаны өнеркәсіптік өндіру процесін әзірлеу және технологиялық тұрғыдан негіздеу.

Материалдар мен әдістер. Зерттеу 2025–2026 жылдары «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорны» ЖШС базасында (Алматы облысы, Қазақстан Республикасы) жүргізілді. Зерттеуде rSPPV(TK-)OMP16 және rSPPV(TK-)OMP19/sodC рекомбинантты вирустары, Vero жасушалары және CelCradle™ мен TideXcell® биореакторларын қолданатын жасуша дақылын кезең-кезеңімен ауқымдау жүйесі пайдаланылды. Әзірленген технологиялық процесс вирустық биомассаны алудың upstream-сатысын, тангенциалды ағынды ультрафильтрацияны, Capto™ Core 700 сорбентіндегі мультимодальды хроматографиялық тазартуды, белсенді фармацевтикалық субстанцияны (БФС) алуды және дайын дәрілік түрді асептикалық жағдайда дайындауды қамтыды. Процестің қайталанымдылығы үш тәуелсіз тәжірибелік-өнеркәсіптік серияның деректері бойынша орташа мәнді, стандартты ауытқуды және вариация коэффициентін есептеу арқылы бағаланды.

Нәтижелер. Кезең-кезеңімен ауқымдау Vero жасушаларының биомассасын 1,5 – 2,0 × 10⁸-ден 1,5 – 2,0 × 10¹⁰ жасушаға дейін арттыруды қамтамасыз етті. Алынған вирустық биомассаның инфекциялық титрі rSPPV(TK-)OMP16 үшін 6,29 ± 0,19 log TCID₅₀/мл, ал rSPPV(TK-)OMP19/ sodC үшін 6,53 ± 0,21 log TCID₅₀/мл құрады. Бағаланған технологиялық параметрлердің көпшілігі үшін вариация коэффициенті 10%-дан аспады. Хроматографиялық тазартудан кейін қалдық ДНҚ мөлшері 5,0 ± 1,0 нг/доза, ал қалдық ақуыз мөлшері 18,0 ± 2,6 нг/доза болды. Дайын вакцинаның инфекциялық титрі 5,66 ± 0,08 log TCID₅₀/мл құрады. Алынған нәтижелер үш тәжірибелік-өнеркәсіптік серияда әзірленген өндірістік процестің қайталанымдылығын және негізгі сапа көрсеткіштерінің тұрақтылығын растады.

Талқылау. Алынған нәтижелер таңдалған ауқымдау сызбасы тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіріске көшу кезінде қажетті жасушалық және вирустық биомассаны тұрақты алуға мүмкіндік беретінін көрсетті. Тангенциалды ағынды ультрафильтрация мен мультимодальды хроматографияны үйлестіріп қолдану вирустық вектордың инфекциялық белсенділігін сақтай отырып, қалдық ДНҚ мен ақуыз мөлшерін төмендетуге мүмкіндік берді. Үш сериядағы негізгі технологиялық көрсеткіштердің қайталанымдылығы әзірленген өндірістік сызбаны одан әрі ауқымдау мүмкіндігін растайды.

Қорытынды. Vero жасушаларын өсіруді, вирустық вектордың репликациясын, БФС алу мен тазартуды және дайын дәрілік түрді дайындауды қамтитын адам бруцеллезіне қарсы рекомбинантты векторлық вакцинаны өндірудің интеграцияланған және ауқымдалатын технологиясы әзірленді. Әзірленген процесс вакцинаны одан әрі өнеркәсіптік өндіру және кейінгі доклиникалық зерттеулер жүргізу үшін технологиялық негіз бола алады.

Түйінді сөздер: бруцеллез, рекомбинантты векторлық вакцина, каприпоксвирус, Vero жасушалары, биореакторлар, белсенді фармацевтикалық субстанция, тангенциалды ағынды ультрафильтрация, мультимодальды хроматография, ауқымдау, өнеркәсіптік өндіріс.

количество просмотров / 👁 76

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған