Алынды: 19 тамыз 2026 ж.
Қабылданды: 05 қазан 2026 ж.
Онлайн жарияланды: 30 қазан 2026 ж.
ӘОЖ: 615.322
ҒТАМР: 31.23.39
DOI: 10.53511/pharmkaz.2026.5.16
Мақала түрі: Ғылыми шолу мақаласы
ДӘРІЛІК ӨСІМДІКТЕРДЕН ПЕПТИДТЕР АЛУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ КОСМЕТОЛОГИЯДА ҚОЛДАНУ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ (НАРРАТИВТІК ШОЛУ)
Таласбай Қ.С. ¹, Устенова Г.О. ¹, Сатмбекова Д.К. ², Сарсенова Л.К. 2
¹С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университеті, Алматы, Қазақстан
²Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Алматы, Қазақстан
Кіріспе. Қазақстанның косметика нарығы импорттық өнімдерге айтарлықтай тәуелділігімен сипатталады, олардың нарықтағы үлесі 98%-дан асады. Осы жағдайда косметикалық өнімдерді әзірлеу үшін қолжетімді әрі перспективалы отандық шикізат көздерін іздеу ерекше өзектілікке ие. Дәрілік өсімдіктер құрамындағы биологиялық белсенді заттардың алуан түрлілігіне байланысты үлкен қызығушылық тудырады. Олардың құрамындағы қосылыстар теріге пайдалы әсерлердің кең спектрін қамтамасыз етуі мүмкін. Өсімдік текті қосылыстардың ішінде биоактивті пептидтер косметологияда қолдану әлеуеті жоғары, алайда жеткілікті зерттелмеген табиғи компоненттердің бірі болып табылады.
Мақсаты. Шолудың мақсаты – пептидтердің өсімдік көздерін, олардың биологиялық қасиеттері мен әсер ету механизмдерін, сондай-ақ косметологияда қолдану перспективаларын талдау.
Әдістері. PubMed, Scopus, Google Scholar және CyberLeninka дерекқорларындағы өсімдік текті пептидтерге, оларды алу тәсілдеріне, биологиялық белсенділігіне және косметологияда қолданылуына қатысты жарияланымдарға нарративтік шолу жүргізілді. Нәтижелер эксперименттік деректердің сипатын ескере отырып, сапалық тұрғыдан талданды.
Нәтижелері және талқылау. Әдебиеттерді талдау өсімдік текті пептидтердің косметикалық өнімдердің функционалдық ингредиенттері ретінде елеулі әлеуетке ие екенін көрсетті. Алайда олардың құрамы, қасиеттері, әсер ету механизмдері және косметологиядағы практикалық қолданылуы туралы қазіргі кездегі ғылыми деректер әлі де шектеулі әрі жүйеленбеген. Негізгі мәселелердің бірі – пептидтердің құрылымы мен биологиялық белсенділігі арасындағы өзара байланыстың жеткіліксіз зерттелуі, сондай-ақ өсімдік шикізатынан тұрақты әрі стандартталған пептидтік фракцияларды алу қиындығы.
Қорытынды. Бұл бағытты одан әрі дамыту пептидтерді бөліп алу және тазарту әдістерін жетілдіруді, олардың тұрақтылығы мен биологиялық белсенділігін кешенді бағалауды, сондай-ақ косметикалық формулалар құрамындағы өсімдік текті пептидтік ингредиенттерді стандарттау тәсілдерін әзірлеуді талап етеді. Осы бағыттағы зерттеулерді тереңдету өсімдік текті пептидтерді тиімді пайдалануға және олардың косметикалық индустрияда кеңінен қолданылуына мүмкіндік береді.
Түйінді сөздер: өсімдік пептидтері, косметология, дәрілік өсімдіктер, биоактивті қосылыстар, антиоксиданттық белсенділік.
количество просмотров / 👁 57












