Алынды: 2026 жылғы 13 тамыз
Қабылданды: 2026 жылғы 18 тамыз
Онлайн жарияланды: 2026 жылғы 21 тамыз
ӘОЖ: 616.314.17-008.1-08
DOI: 10.53511/pharmkaz.2026.4.2
Тип статьи: Оригинальная статья / Original Article
ПАРОДОНТТЫҢ ҚАБЫНУ АУРУЛАРЫНДА МЫС-КАЛЬЦИЙ ГИДРОКСИДІ («КУПРАЛ») МЕН ГИПЕРОКСИГЕНДЕЛГЕН СУДЫ ЖЕРГІЛІКТІ ҚОЛДАНУДЫҢ КЛИНИКАЛЫҚ-ФАРМАКОТЕРАПИЯЛЫҚ ТИІМДІЛІГІ
АУБАКИРОВА С.М.¹, МЕРГЕМБАЕВА Х.С.¹
¹ С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Алматы, Қазақстан
Кіріспе. Пародонттың қабыну ауруларын жергілікті емдеудің тиімділігі микробтық биопленканың тұрақтылығына және дәстүрлі антисептикалық препараттардың әсер ету ұзақтығының шектеулілігіне байланысты төмендеуі мүмкін. Осыған байланысты микробқа қарсы жергілікті фармакотерапияны оңтайландыру және терапиялық әсері ұзақ сақталатын құралдарды қолдану өзекті болып табылады. Зерттеуде мыс-кальций гидроксидін («Купрал») гипероксигенделген сумен біріктіріп қолданудың клиникалық-фармакотерапиялық әсері бағаланды.
Материалдар мен әдістер. Салыстырмалы бақыланатын клиникалық зерттеуге 18–60 жас аралығындағы пародонттың қабыну аурулары бар 80 пациент енгізілді. I когортаға созылмалы жайылмалы катаральді гингивиті бар 40 пациент, II когортаға орташа ауырлық дәрежелі созылмалы жайылмалы пародонтиті бар 40 пациент кірді. Әр когортада негізгі және бақылау топтары 20 пациенттен құрылды. I когортаның негізгі тобында 1%-дық «Купрал», II когортаның негізгі тобында 5%-дық «Купрал» гипероксигенделген сумен бірге жергілікті қолданылды. Бақылау топтарында 0,05%-дық хлоргексидин биглюконаты пайдаланылды. Тиімділік OHI-S, SBI, PMA және пародонтит кезінде PI индекстерінің динамикасы бойынша ем аяқталғаннан кейін, 1 және 3 айдан соң бағаланды.
Нәтижелер. Созылмалы катаральді гингивиті бар пациенттердің негізгі тобында емнен кейін OHI-S 2,34±0,29-дан 0,30±0,06-ға, SBI 1,3±0,1-ден 0,2±0,1-ге, PMA 25±6-дан 4,2±1,8-ге дейін төмендеді. Үш айдан кейін OHI-S 0,87±0,1, SBI 0,39±0,1 болды, яғни бастапқы деңгейден төмен күйде сақталды. Хлоргексидин қолданылған бақылау тобында бастапқы жақсарудан кейін көрсеткіштердің қайта өсуі байқалды: үш айдан соң OHI-S 2,5±0,1, SBI 2,9±0,26, PMA 79±4,46 болды. Орташа ауырлық дәрежелі пародонтиті бар пациенттердің негізгі тобында 5%-дық «Купрал» қолданылғаннан кейін OHI-S 2,9±0,5-тен 0,3±0,08-ге, SBI 2,0±0,4-тен 0,3±0,13-ке, PMA 37±6,7-ден 8,9±2,0-ге, PI 1,5±0,2-ден 0,5±0,02-ге дейін төмендеді. Үш айдан кейін көрсеткіштердің басым бөлігі бастапқы мәндерден төмен деңгейде сақталды. Бастапқы клиникалық индекстердің топтар арасында бірдей болмауына байланысты нәтижелер негізінен әр топ ішіндегі динамика ретінде түсіндірілді.
Қорытынды. Мыс-кальций гидроксидін гипероксигенделген сумен бірге жергілікті қолдану гингивит пен пародонтит кезінде клиникалық пародонтологиялық индекстердің айқын төмендеуімен және алынған әсердің үш айға дейін сақталуымен байланысты болды. Ұсынылған тәсіл пародонттың қабыну ауруларын жергілікті фармакотерапиялаудың перспективалы бағыты ретінде қарастырылуы мүмкін. Оның салыстырмалы артықшылығын түпкілікті растау үшін бастапқы клиникалық сипаттамалары теңестірілген, рандомизацияланған және қауіпсіздік көрсеткіштері бағаланатын зерттеулер қажет.
Түйінді сөздер: жергілікті фармакотерапия; мыс-кальций гидроксиді; Купрал; хлоргексидин; гипероксигенделген су; пародонтит; гингивит; микробқа қарсы терапия; биопленка.
количество просмотров / 👁 30












